Атырау облысына шетелден 254 қандас көшіп келді

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысына жыл басынан бері шетелден 254 қандас көшіп келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, атамекенге оралған соң Атырау облысына қоныстануға ниет білдірген 179 отбасының құрамында 254 этникалық қазақ бар.

«Оның ішінде Өзбекстан Республикасынан – 232, Қытай Халық Республикасынан – 19, Ресей Федерациясынан 3 адам көшіп келді. Қандастар Атырау қаласына, Исатай, Жылыой, Мақат аудандарына қоныстанды. Елге оралған қандастардың арасында жұмыс істеуге қабілетті жастағы 180 адам бар. Мектепке дейінгі балалар саны – 35. Ал, 33-і – мектеп жасындағы балалар. Сондай-ақ, 6 адам зейнеткерлік демалысқа шыққан» - деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.

Қазақстан Республикасының азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен қабылдау үшін 37 адамға бұрын берілген оралман мәртебесін алты айдан аспайтын мерзімге бір рет ұзарту туралы шешім қабылданған.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауға жыл басынан бері 182 қандасымыз көшіп келгенін хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар