Атырау облысына Ресейден 100-ден астам көлік жалған құжатпен әкелінген

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысына Ресейден 100-ден астам көлік жалған құжатпен әкелінген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Берік Амангелдінің айтуынша, Ресейден әкелінген көлік құжатының 3 көлікке тиесілі екені анықталған.

«Атырау облысының аумағында 8 қарашада «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды. Патрульдік полициясы қызметкерлері іс-шараның алғашқы күні сағат 17:00 шамасында «Ақтау-Атырау» тас жолында жылдамдықты шамадан тыс асырғаны үшін Ресейде тіркелген «Toyota Ipsum» маркалы автокөлігін тоқтатты. Автокөліктің құжаттарын тексеру кезінде тіркеу белгісі мен маркасы сәйкес келмейтіні анықталды. Көліктегі мемлекеттік белгі «Nissan Fuga» және «Маз» автокөліктеріне де тіркелгені белгілі болды. Қазір аталған дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодекстің 386-бабының 1-бөлігімен қылмыстық іс қоғалды» - дейді Берік Амангелді.

Оның айтуынша, облыс аумағына Ресейден жалған тіркеу нөмірімен және құжатпен әкелінген 100-ден астам автокөлік анықталған.

«Мұндай көліктерді сатып алған адамдар Ресейде тіркеуде тұр деп ойлайды. Егер ол сенімхатпен немесе сақтандыру полисі негізінде сатылса, иесі көлік салығын төлемеу үшін кез келген уақытта одан бас тартады. Ал, қазақстандық жүргізуші жол апатына түссе, сақтандыру төлемін ала алмайды. Сол себептен, шетелдерде тіркеуде тұрған көліктерді сатып аларда әкімшілік полиция немесе жергілікті полиция қызметі басқармасына жүгініп, тексертіп алу қажет» -дейді Берік Амангелді.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында 10 айда шетелдік тіркеудегі көлік апатынан 17 адам қаза болғанын хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар