Атырау облысына бір аптада шетелден 10 479 адам келген

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысына 21 қыркүйектен бері шетелден 10 479 адам келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ресей Федерациясынан келіп жатқан адамдар санының артуына байланысты Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің тапсырмасымен жедел штаб құрылды. Жедел штабқа облыстық жұмылдыру даярлығы, азаматтық қорғау басқармасының басшысы Есмұхан Қажкенов жетекшілік етеді.

Жедел штаб басшысының мәліметінше, 21-27 қыркүйек аралығында өңірге 10 479 шетелдік келген. Ал 23 қыркүйектен бері Халыққа қызмет көрсету орталықтарына Жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) алу үшін Ресей Федерациясының 2 754 азаматы жүгінген.

«Қазақстан аумағындағы қабылдаушы тарап (Қазақстан азаматы) шетелдік азаматтың ел аумағына келгенін үш жұмыс күні ішінде көші-қон қызметіне хабарлауға тиіс. Мәселен, 21-27 қыркүйек аралығында Атырау тұрғындары көші-қон полициясына Ресейден 644 азаматтың келгені туралы хабарлады. Бұдан Ресей Федерациясының келген азаматтары үшін Атырау қаласы негізгі тұрақтап қалу аймағы емес екені байқалады. Ресейліктердің негізгі бөлігі еліміздің өзге өңірлеріне баруды жоспарлап отыр», - дейді Есмұхан Қажкенов.

Оның айтуынша, жедел штаб Атырау қаласында жалға берілетін тұрғын үй бағасына күн сайын мониторинг жүргізеді. Жекелеген шағын аудандарда ғана бағаның өсуі байқалады. Бірақ, бұрынғы бағаның 30-50 пайызынан аспайды.

«Өңірде 109 Call-орталығы жұмыс істеп тұр. Орталықтың оператор-кеңесшілері Ресей Федерациясынан келген азаматтардың сұрақтарына жауап беріп, қажетті ақпаратты ұсынады», - деп мәлім етті Есмұхан Қажкенов.

Еске салайық, Атырау облысында шетелдік 232 маманның жұмыс істеуіне рұқсат берілмегенін бұдан бұрын хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар