Атырау облысына 536 тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік жеткізіледі
2022 жылғы 30 маусым 14:54

Атырау облысына 536 тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік жеткізіледі

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 690,6 тонна қоры бар. Енді тағы 536 тоннасы жеткізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның баспасөз қызметінен мәлім еткендей, 536 тонна азық-түлік шілде айының басына дейін жеткізілмек.

«Қазір «Агрофлекс» ЖШС-нің қоймасында 690,6 тонна көлемінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қоры сақталып тұр. Қырыққабат бағасын тұрақтандыру үшін Түркістан облысындағы шаруа қожалығынан 40 тонна өнім жеткізу үшін келісім жасалды. Бұдан басқа «Идеал Маркет» ЖШС «Азық-түлік корпорациясы» АҚ-нан 408 тонна қант сатып алды. Қант бағасы 517 теңгені құрайды», -деп хабарлады кәсіпорынның баспасөз қызметі.

«Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын қалыпты ұстау мақсатында «револьверлік» схема шеңберінде жергілікті сауда желілері мен көкөніс өндірушілеріне айналым қаражатын толықтыруға несие берген. Айналым схемасымен жергілікті ауыл шаруашылығы өнімдері, оның ішінде пияз, сәбіз, қырыққабат қыркүйек айынан, ал, картоп шілде айынан бастап сатылымға шығарылады.

Бұған дейін Атырау қаласындағы «Ярмарка Retaіl» супермаркетінің сауда желісіне 68 тонна қант түскен еді.

«Біздің супермаркет желісіне Алматы облысындағы «Көксу қант» зауытынан шығарылған 68 тонна қант әкелінді. Бірер күннен кейін супермаркет желісі арқылы сатылымға шығарылады. Алдағы 4-5 күннен кейін тағы 66 тонна, содан соң 64 тонна қант жеткізілді. Осылайша, әр 4-5 күн сайын қант әкеліне береді», -дейді «Ярмарка Retaіl» супермаркеті желісінің қойма меңгерушісі Клара Шарипова.

Аталған супермаркет меңгерушісі Гүлмира Ғизатуллинаның айтуынша, сауда желісінің сөресіндегі қант азайған сайын толықтырылады. Мұнда тұтынушыға ұсынылған қанттың бір келісі 385 теңгеден сатылып жатыр.


Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT