Атырау облысына 30 дәрігер ғана жетіспейді - Ноғаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН-АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырау облысына 30 дәрігер ғана жетіспейді. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі таңда атаулы әлеуметтік көмек алатын 6 729 отбасы, яғни 38 183 адам бар. Жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құрайды. 2019 жылы 15 420 жұмыс орнын құру жоспарланған болатын. Бүгінгі таңда 17 201 жұмыс орнын құрды. Оның ішінде тұрақты жұмыс орны - 9 252. Тұрғын үй көмегін алған отбасылар - 749 адам. Олар жалпы 24 миллион теңгенің тұрғын үй көмегін алды», - деді Н.Ноғаев.

Оның айтуынша, өңірде білім саласына бөлінетін қаражат көлемі жылдан жылға артып келе жатыр. Қаражат материалдық-техникалық базаны жаңартуға, оқу-әдістемелік құралдарды сатып алуға жұмсалады. 3-6 жас аралығындағы балаларды (мектепке дейінгі біліммен қамту) қамту 98,7 пайызды құрады.

Мұнан бөлек облыстық бюджеттен өңірге қажетті мамандарды даярлау бағытында 2017 жылы 222 талапкерге оқу қаражаты төленген. Оның - 179-ы оқытушы, 35-і - дәрігер. 2018 жылы 231 грант бакалавриатқа және 16 грант магистратураға бөлінді. Ал биыл жас мамандарды даярлауға 178 грант бөлініп отыр.

«Денсаулық сақтау саласында атқарылған істердің нәтижесінде жалпы өлім көрсеткіші, қатерлік ісіктен, туберкулезден, қан айналымы жүйесі ауруларынан қайтыс болғандар азайып келе жатыр. Саланы кадрлармен қамтамасыз ету мәселесі жүйелі түрде шешіліп келеді. 2016 жылы 144 маман жетіспейтін болса, атқарған істердің нәтижесінде қазіргі таңда небәрі 30 дәрігер ғана қажет»,- деді облыс басшысы.

Соңғы жаңалықтар