Атырау облысы тұрғындарының 12,8 пайызы МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысы тұрғындарының 12,8 пайызы МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы облыстық мәслихаттың сессиясында Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Атырау облысы бойынша филиалының директоры Байтолла Ғазизов мәлім етті.

«Биылғы 1 шілдедегі мәліметке сәйкес Атырау облысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылмағандар адамдардың саны 12,8 пайызды құрап отыр. Жыл басында сақтандырылмаған азаматтар саны 90 898 адам еді. Қазір олардың саны – 84 517 адам. Ең көп сақтандырылмаған адамдар Құрманғазы, Исатай аудандары мен Атырау қаласында тіркеліп отыр», -дейді Байтолла Ғазизов.

Оның айтуынша, биылғы бірніші жартыжылдықта өңірде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шарттары бойынша 163 млн 15 мың 576 теңгенің 22 021 ақаулығы анықталған.

«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын жақсарту жөнінде ұсыныс-пікірлерді депутаттармен бірлесіп, заң аясында қарау қажет. Тариф, мониторинг мәселерінде кемшілікке жол бермеген жөн. Кейбір медицина мекемелерінің тұрғындарға көрсеткен қызметтерінің қаражаты көрсетілмеген. Бұл қызметтің артында медицина қызметкерлерінің жалақысы, дәрі-дәрмек бағалары тұр. Сондықтан, мұндай мәселелерге атүсті қарамау керек», -дейді облыс әкімі Серік Шәпкенов.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында 230 адам бас және мойын қатерлі ісік ауруына шалдыққанын хабарлаған едік.




Соңғы жаңалықтар