Атырау облысы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша соңғы орында тұр

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша соңғы орында тұр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Атырау облысы әкімдігі жанындағы құқық бұзу профилактикасы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөнінде ведомоствоаралық комиссияның кезектен тыс отырысында мәлім болды.

Комиссия отырысына құқық қорғау органдары мен облыстық басқарма басшылары, Атырау қаласы мен 7 ауданның әкімдері селекторлық режимде қатысты.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жахинның айтуынша, агенттікте «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы тұрудың» үлгілік базалық бағыты бекітілген.

«Аталған үлгілік базалық бағытты өңірлерде жүзеге асыруға байланысты тоқсандық есеп аясында бағалау жүргізіледі. Атырау облысындағы жергілікті атқарушы органдардың аталған бағытта атқарған жұмысы көңіл көншітпейді. Жоба жүзеге асырылып жатқан 17 өңірдің ішінде соңғы орында тұр. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау мен жою бойынша 40 балл берілді», -дейді Нұрлан Жахин.

Осыған байланысты облыс әкімі Серік Шәпкенов сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмыстарға немқұрайлық танытпауды ескертті.

«Сыбайлас жемқорлық бар жерде әділетті қоғам орната алмаймыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа әділетті Қазақстанды құру үшін адам құқығы мен заң үстемдігін сақтау мәселесін алға қойды. Осы тапсырманы басты назарға алып, жұмыс істесек, сыбайлас жемқорлықтың тамырына балта шауып, жеңе аламыз», -деді Серік Шәпкенов.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда Антикордың ұсынысымен 46 лауазымды тұлға жауапқа тартылғанын хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар