Атырау облысы су айдындарында шомылуға қауіпті 70 учаске бар

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысының су айдындарында шомылуға қауіпті 70 учаске бары анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, су айдындарында 70 учаскеде шомылуға тыйым салынған.

«Атырау облысында шомылу маусымы әлі басталған жоқ. Алайда, арнайы жадықталмаған жерде су батып кету дерегі тіркеліп отыр. Сол себептен су айдындарында шомылуға тыйым салынған 70 қауіпті учаске анықталды. Оның ішінде Атырау қаласында 17, Индер ауданында 10, Махамбетте – 19, Құрманғазыда – 2, Жылыойда – 7, Қызылқоғада ауданында 15 қауіпті учаске бар. Қауіпті учаскелерге 238 тыйым салу белгісі мен 9 ақпараттық стенд орнатылды», -деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.

Төтеншеліктер суға кету дерегіне байланысты статистикалық дәйекті ұсынып отыр.

Біріншіден, судағы жазатайым оқиғалардың 95 пайызы мас күйінде шомылудан болады.

Екіншіден, өз күшін асыра бағалау да суға батуға әсер етеді. Үшіншіден, денсаулықтың күрт нашарлауы мен құрысу өкінішке ұрындырады.

Ата-аналар мен ересектердің немқұрайлығы балалардың суға батуына әкеліп соқтырады.

«Атырау облысының тұрғындары мен қонақтарынан суға түсу маусымының ресми түрде ашылуын күтуін өтінеміз. Себебі, жағажайлардың асты әлі сынған әйнек, консерв құтысы, балық аулау құралы секілді қауіпті заттардан тазартылған жоқ. Суға бойлық шектеу белгілері қойылмады. Өйткені, Жайық өзенінде әлі де ағыс бар. Арнайы бекітілген жағажайларда құтқарушылардың кезекшілігі ұйымдастырылған кезде ғана суға түсуге болады», -деп мәлім етті департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында 15 жасар жасөспірім канал суына батып кеткенін жазған едік.

Бір күннен кейін аттан құлаған 12 жасар бала канал суына батқанын хабарлаған болатынбыз.

Сондай-ақ, Атырау облысында соңғы бір аптада 4 адам суға кеткені тіркелген.


Соңғы жаңалықтар