Атырау облысы мектептерінде сабақаралық үзіліс ұзақтығы негізсіз қысқарған

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысының мектептерінде сабақаралық үзіліс ұзақтығы негізсіз қысқарған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облысы прокуратурасының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, прокуратура органдары қадағалауының басым бағыттарының бірі – кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүддесін қорғау.

Осыған орай Жылыой ауданының прокуратурасы жалпы білім беру мекемелерінің оқушылары үшін сабақтар арасындағы үзілістердің ұзақтығын реттейтін заңнаманың сақталуына талдау жүргізген.

«Аудан мектептерінде үзілістердің ұзақтығы негізсіз қысқарғаны анықталды. Бұл оқушылардың сабақтар арасында демалу құқығын шектеді. Прокурорлық ден қою шараларымен аудандық білім бөлімі 863 сынып үшін сабақ кестесін түзетті. Осылайша, аудандағы жалпы білім беретін 20 мектепте 18 481 оқушының құқығын қалпына келтірілді», -деп хабарлады прокуратураның баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, облыс прокуратурада кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алуға байланысты проблемалық мәселелер талқыланды.

«Біздің мемлекетіміз балалардың қауіпсіз қоғамда өмір сүруіне, сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасауды ұстанып отыр. Демек, кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға мән бергеніміз жөн. Балалардың құқықтарын қорғауға, оларға қатысты зорлық-зомбылық әрекеттерін болдырмауға тиіспіз. Осы орайда уәкілетті органдар қолайсыз отбасылардағы балалардың өмір сүру жағдайын тұрақты негізде тексеріп, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуды жүргізуі, жазғы каникул кезеңінде оқу орындарының спорттық қуаттарын тартуы, мектеп психологтары мен әлеуметтік педагогтар үшін тренингтер ұйымдастыруы қажет», -деді облыс прокуроры Бауыржан Жұмақанов.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында 15 мыңға жуық бүлдіршін балабақша кезегінде тұрғанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар