Атырау облысы Алмағамбет көлінде балықтың неден қырылғаны белгілі болды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында Алмағамбет көліндегі балық оттегінің азаюынан қырылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдіекұлының айтуынша, Алмағамбет көлі Махамбет ауданындағы Алға ауылдық округінің маңында орналасқан.

«Сәуірдің 28-інен 29-на қараған түнде арнадағы су ағысы қатты болған. Соның салдарынан ұсақ шабақтардың арнадан шығып, көлдегі қалың өскен жыңғылдардың арасына жиналып қалған. Күннің ысуына байланысты көлдегі оттегі азайып, шабақтар үшін қауіп төнген. Нәтижесінде балықтар қырылған. Өлген балықтар сүзіліп, санитарлық талаптарға сай көміледі. Ал, көлден 300 метр қашықтағы арнаның өзінде су терең болғандықтан, онда балықтың өлуі тіркелген жоқ. Алмағамбет су айдыны орман алқабына кіреді. Бұл жердегі жыңғылдарды жұлу, жою, қазу жұмыстарын жүргізу үшін арнайы рұқсат алу қажет», -дейді Артур Сәдібекұлы.

Оның айтуына қарағанда, балық өлу фактісінің алдын алу үшін облыс әкімдігі арнайы іс-шара жоспарын жасақтап, қала, аудандар әкімдіктерімен алгоритм бойынша жұмыс жүргізбек.

Ал, Алға ауылдық округінің әкімі Расул Мусиннің мәліметінше, соңғы аптада аталған су айдынын қадағалау үшін кезекшілікпен ұйымдастырылған.

«Айдынға су келмес бұрын, ауыл жастарымен, еріктілермен, инспекция қызметкерлерімен көлде тазалау жұмыстарын жүргіздік. Мәселен, құлаған ағаштар, қатты қалдықтар мен қоқыстарды тазаладық. Судың мөлшері 24 сәуірден бастап көбейе бастады. Сол кезден бері кезекшілік жасақталып, су деңгейі қадағаланып келеді. Өлу қаупі төнген балықтарды тереңге жіберіп отырдық. Алайда, қазір су ағысының қатты болуына байланысты балықтар жыңғылға тіреліп, өте алмай қалып тұр. Мұның алдын алу үшін тор қою біздің құзырымызға жатпайды», -деді Руслан Мусин.

Қазір жергілікті атқарушы орган өкілдері, ауыл тұрғындары мен еріктілерден құралған топ құтқару жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында тағы да балық қырылғанын хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар