Атырау облысы әкімінің жаңа орынбасары тағайындалды

Фото: None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысы әкімінің жаңа орынбасары тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімімен облыс әкімінің өкімімен Нұртаев Қайрат Талапұлы Атырау облысы әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалды.

Қайрат Талапұлы Атырау мұнай және газ институтын, Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университетін бітірген. Экономика және бизнес магистрі.

Еңбек жолын 2004 жылы Атырау облыстық экономика және кәсіпкерлікті қолдау басқармасында бас маман болып бастаған. Ал, 2005-2007 жылдары аралығында Атырау облыстық жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі басшысының орынбасары, 2008 жылдан бастап Атырау облыстық жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі басқармасының автокөлік жолдары бөлімінің басшысы болған.

2010 жылдан 2017 жылға дейін Атырау облыстық жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасының орынбасары, 2017-2019 жылдар аралығында Атырау облыстық жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасының басшысы қызметін атқарған.

2019-2021 жылдары Құрманғазы ауданының әкімі лауазында болды. 2021 жылдың сәуірінен 2022 жылдың қаңтарына дейін Атырау облысы әкімінің кеңесшісі, 2022 жылдың қаңтарынан бүгінге дейін «БатысАльянсстрой» ЖШС бас директоры қызметін атқарып келді.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысы әкімінің үш орынбасары қызметінен кеткен еді. Оның ішінде екі орынбасардың лауазымы қысқартылды.

Оның бірі – әкімнің бірінші орынбасары Серік Айдарбеков, екіншісі – орынбасары Нариман Таушов.

Кейін тағы бір орынбасары қызметінен кетті. Өз өтінішімен қызметінен босатылған Қайрат Бекенов әкімнің орынбасары лауазымына 2020 жылдың 15 желтоқсанында тағайындалған еді.


Соңғы жаңалықтар