Атырау облысы әкімінің тағы бір орынбасары қызметінен кетті

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысы әкімінің тағы бір орынбасары лауазымынан босатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әкімнің орынбасары Қайрат Бекенов жұмыстан өз еркімен кету жөнінде өтініш берген.

Ол бұған дейін құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары саласына жетекшілік жасады.

Қайрат Бекенов Атырау облысы әкімінің орынбасары болып 2020 жылғы 15 желтоқсанда тағайындалған еді.

Қайрат Асқарбекұлы 1978 жылы 31 қазанда дүниеге келген.

Қазақ мемлекеттік басқару академиясын «экономист» мамандығы бойынша, құқық және нарық академиясын «Заңгер» мамандығы бойынша, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын «Мемлекеттік және жергілікті басқару магистрі» мамандығы бойынша бітірген.

Әр жылдары Алматы қаласының салық инспекторы, ҚР Қаржы министрлігінің Үкіметтік қарыздарды тарту департаменті басқармасының бастығы, ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру жұмысы бөлімінің бас инспекторы болған.

Кейін Астана қаласы Сарыарқа ауданы әкімінің орынбасары, Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары, Солтүстік қазақстан облысы әкімінің орынбасары, «Ақтөбе» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы АҚ Басқарма төрағасы, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары лауазымдарын атқарған.

Бұған дейін Атырау облысы әкімінің 5 орынбасары болған еді. Қазір екі орынбасар қалды.

Әкім орынбасарларының бірі Бақытгүл Хаменова былтырғы желтоқсаннан бері қамауда отыр. Тағы екеуінің лауазымы қысқартылды.


Соңғы жаңалықтар