Атырау облысы әкімдігінде бірнеше басқарманың атауы өзгеріп, саны азаяды

None
Ашық көздерден алынған фото
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысы әкімдігінде бірнеше басқарманың атауы өзгереді. Басқармалар саны 22-ден 19-ға дейін азайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс әкімі апапаратының басшысы Болат Исақовтың айтуынша, жергілікті атқарушы органдарды мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру жобасы дайындалған. Жоба облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында таныстырылды.

«Осы кезге дейін 22 басқарма бар еді. Енді 19 басқарма болады.

Мәселен, облыстық Құрылыс басқармасы мен Сәулет және қала құрылысы басқармасы біріктіліп, Атырау облысы Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы болып құрылады.

Ауыл шаруашылығы мен Жер қатынастары басқармалары біріктіріліп, Атырау облысы Ауыл шаруашылық және жер қатынастары басқармасы болып қайта аталады.

Балық шаруашылығы басқармасы Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қосылады.

Ал Кәсіпкерлік және Туризм, Индустриялық-инновациялық даму, Дене шынықтыру және спорт, Мәдениет және тілдерді дамыту, Архив ісі басқармалары біріктіріледі. Осыған байланысты Атырау облысы Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы, Атырау облысы Спорт және туризм басқармасы, Атырау облысы Цифрландыру және архивтер басқармасы, Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы құрылады.

Облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы мен Қаржы басқармасы Атырау облысы Экономика және қаржы басқармасы, облыстық Мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасы болып өзгереді», - деп хабарлады Болат Исақов.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Қайсар Абдалиев Атырау облыстық Денсаулық сақтау басқармасына басшы болып тағайындалғанын хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар