Атырау облысы: 10 айда шетелдік тіркеудегі көлік апатынан 17 адам қаза болған

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында жыл басынан бергі 10 айда шетелдік тіркеудегі көлік апатынан 17 адам мерт болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, жол-көлік оқиғаларының дені өзге мемлекеттердің тіркеуінде тұрған автокөліктерді басқарған жүргізушілердің кінәсінен 62 жол-көлік оқиғасы тіркелген.

«Биылғы 10 айда шетелде тіркелген көліктердің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасынан 17 адам қаза тапты. Ал, 75 адам дене жарақатын алды. Осы кезеңде шетелдік тіркеуде тұрған автокөліктер 4 096 мәрте жол жүру ережесін бұзды», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Соңғы күндері Атырау облысында Ресей Федерациясының тіркеу есебінен шығарылған 20-дан астам автокөлік анықталып, арнайы тұраққа қойылған.

«Көлікте көрші елдің мемлекеттік нөмірі болса да, сол жақта тіркеуде тұрмаған көліктер аз емес. Мұндай автомобильдерді тіркеуге қойғаннан кейін ғана пайдалануға болады. Оның ішінде шетелдік көліктер ұрланған немесе бұғатта тұрған болса, онда тәркіленіп, иесіне қайтарылады. Қазақстан аумағында жалған тіркеу нөмірі мен құжаты бар 100-ден астам ресейлік автокөлік анықталған. Осындай көлікті сатып алған адам оны Ресейде тіркеуде тұр деп ойлайды. Егер көлік сенімхатпен немесе сақтандыру полисі негізінде сатылса, иесі көлік салығын төлеймін деп кез келген уақытта одан бас тартады. Ал, қазақстандық жүргізуші жол апатына түссе, сақтандыру төлемін ала алмайды», - деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметі.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда тек бір күнде 1,8 млн теңге айыппұл төлемеген 7 жүргізуші ұсталғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар