Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейіне жаңа директор тағайындалды

Фото: None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейіне жаңа директор тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл лауазымды осыған дейін Атырау облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының басшысы болған Мұхамбетқали Кипиев атқарады. Музей қызметкерлеріне жаңа басшыны Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев таныстырды.

Мұхамбетқали Қуанышқалиұлы 1978 жылы Ақтөбе облысының Ленин ауданындағы Алимбетовка ауылында дүниеге келген. 1997 жылы Атырау гуманитарлық колледжін, 1999 жылы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің тарих факультетін, 2013 жылы «Қайнар» университетінің магистратурасын бітірген. Тарих мамандығы бойынша гуманитарлық ғылымдар магистрі.

Әр жылдары Атырау облыстық халық шығармашылығы мен мәдени демалыс қызметтерін ұйымдастыру орталығында, Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде, Тарихи-мәдени мұраны қорғау кәсіпорынында қызмет етті.

2005-2010 жылдары Атырау облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі мемлекеттік инспекциясы бастығының орынбасары, инспекция бастығы, Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры болып жұмыс істеген. 2010-2019 жылдары Мемлекеттік орталық музейінде қорды есепке алу, сақтау және қалпына келтіру бөлімшелерінің жетекшісі, Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты бас директорының бірінші орынбасары, Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі мемлекеттік инспекциясының басшысы болған.

2019 жылдың маусымынан осы лауазымға тағайындалғанға дейін Атырау облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының басшысы қызметін атқарды.


Соңғы жаңалықтар