Атырау облыстық мәслихатына AMANAT партиясынан 10 депутат өтті

Фото:
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облыстық мәслихатына AMANAT партиясынан 10 депутаттың тізімі бекітілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін AMANAT партиясы Атырау облыстық филиалының саяси кеңесінде партиялық тізім бойынша мандатты бөлу туралы мәселе қаралды.

«2023 жылғы 19 наурызда өткен сайлау қорытындысымен Атырау облысы сайлаушыларының 59,94 пайызы AMANAT партиясына дауыс берді. Соған сәйкес Атырау облыстық мәслихатының депутаттығына 10 мандат бөлінді. Облыстық мәслихатқа партиялық тізіммен бекітілген 10 депутаттың 50 пайызы – әйелдер. Ал, 35 жасқа дейінгі жастардың үлесі 20 пайызды құрайды», -деп хабарлады партияның өңірлік филиалынан.

Облыстық мәлихаттың депутаты болып AMANAT партиясының 10 мүшесі сайланды.

Олар – Жеңіс Әбілқарес, Жаңай Амантурлин, Айгүл Әмірғалиева, Айбар Ерекешов, Абдолла Идресов, Гүлназ Қосмұрзиева, Элмира Сапарова, Фатима Төлеева, Надежда Тулина мен Жасұлан Хайруллин.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысы мәслихатының бір мандатты округінен 15 депутат сайланғанын жазған болатынбыз.

Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мәліметінше, сайлаушылар тізіміне 412 382 адам енгізілген.

Сайлауда дауыс беруге 204 097 сайлаушы қатысты. Облыстық мәслихаттың бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша кандидаттардың жалпы саны – 39.

«Дауыс беруге қатысқандар санынан сайлаушылардың 5 және одан да көп пайызын алған саяси партиялар үшін депутаттық мандаттар мынадай етіп бөлінді. «Амаnat» партиясына 10, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясына 1, «Respublica» партиясына 1, «Байтақ» жасылдар партиясына 1, «Ақ жол» демократиялық партиясына 2 орын берілді», - деп хабарлаған еді облыстық аумақтық сайлау комиссиясынан.


Соңғы жаңалықтар