Атырау облыстық энергетика басқармасына жаңа басшы тағайындалды

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының жаңа басшысы тағайындалды. Облыс әкімінің өкімімен бұл лауазымды Айдулат Кенжебеков атқаратын болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев жаңа басшыны басқарма ұжымына таныстырды.

Айдулат Жанатұлы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығымен бітірген.

Еңбек жолын 2008 жылы облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы жоспарлау-шарт бөлімінің бас маманның міндетін атқарушы болып бастаған. Ол 2019 жылға дейін осы басқармада жұмыс істеген.


2010 жылға дейін аталған басқарманың жоспарлау-шарт бөлімінің бас маманы, 2010-2011 жылдар аралығында жоспарлау-шарт бөлімінің бастығы болған. Ал, 2011-2013 жылдары облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы бастығының орынбасары, 2013-2019 жылдары аралығында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары лауазымын атқарған.

2019 жылдан осы тағайындауға дейін Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарып келді.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына жаңа басшы тағайындалғанын хабарлаған едік.

Кейін облыстық қаржы басқармасына басшы тағайындалғанын жазған болатынбыз.


Фото: gov.kz

Соңғы жаңалықтар