Атырау облыстық денсаулық басқармасының басшысы қызметінен кетті

None
Фото: ӨКҚ
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев өз еркімен қызметінен кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Асхан Байдуәлиев бұл лауазымға 2020 жылғы 20 қазанда тағайындалған.

Асхан Мархабайұлының мамандығы – дәрігер-уролог, медицина ғылымдарының кандидаты.

С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетін бітірген. Еңбек жолын аталған университеттің урология және жедел нефрология кафедрасының ассистенті ретінде бастаған. Әр жылдары Алматы облысындағы Қарасай аудандық емханасының директоры, Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы болып жұмыс істеген. Содан соң С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде қосымша кәсіби білім орталығының басшысы қызметін атқарған.

Сондай-ақ С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде клиникалық жұмыстар жөніндегі департаментінің директоры, Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы болып жұмыс істеген. Кейін Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары, кейін басшысының міндетін атқарушы лауазымында болған.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, басшының уақытша міндетін атқару Қайсар Абдалиевке жүктеліп отыр. Ол осы кезге дейін денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары лауазымын атқарған.

Еске сала кетелік, Атырау облыстық білім басқармасының басшысы қызметінен кеткенін хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар