Атырау облыстық ауруханасындағы 230 орындық инфекциялық стационар жабылды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облыстық ауруханасындағы 230 орындық инфекциялық стационар жабылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа қарағанда, соңғы күндері коронавирус инфекциясын жұқтырушылар азайды. Осыған байланысты облыстық ауруханадағы 230 орындық инфекциялық стационарды жабу туралы шешім қабылданған.

Облыстық аурухананың бас дәрігері Ербол Иманғалиевтің айтуынша, мұндағы инфекциялық стационар шілде айында ашылған. Сол себептен, ауруханаға науқастарды жоспарлы қабылдау тоқтатылып, 6 бөлімше басқа ауруханаларға ауыстырылған.

«Пандемия басталғаннан бері біздегі стационарда 446 науқас емделді. Оның бәрі инфекциялық стационардан ауыр халде түскен еді. Кеше стационардан 4 науқас емделіп шықты. Оларға пневмония және өкпе қабынуы диагнозымен емдеу шарасы жүргізілді. Ал, 5 науқас енді аурухананың басқа бөлімшесінде оңалтудан өтеді», - дейді Ербол Иманғалиев.

Басқарманың баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін, 15 қыркүйекте кардиология орталығы мен теміржол ауруханасында, сондай-ақ, колледждердің екі жатақханасындағы инфекциялық стационарларды жабу көзделіп отыр.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда 2 жасар бала коронавирустан жазылып кеткенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар