Атырау мұнайшылары асыраушысынан айырылған көпбалалы анаға пәтер сыйлады

Фото: None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау мұнайшылары асыраушысынан айырылған көпбалалы отбасыға пәтер сыйлады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Рамазан айындағы Қадір түні қарсаңында Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласында тұратын көпбалалы ана Нұргүл Ғабдолова баспаналы болды.

«Ембімұнайгаз» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, көпбалалы ананың күйеуі қайтыс болған. Қазір ол бес баланы өзі тәрбиелеп отыр. Балаларының үшеуі – оқушы, үлкен қызы туберкулезге қарсы диспансердің есебінде тұр. Осы кезге дейін көпбалалы отбасы баспана жалдап келген.

«Жылыой ауданындағы «Жылыоймұнайгаз» басқармасының мұнайшылары көпбалалы отбасыға көмек көрсету үшін ерікті түрде қаражат жинау бастамасын көтерді. Жиналған қаражатқа Құлсары қаласынан екі бөлмелі пәтер сатып алынды. Өткен жылы мұнайшылардың демеушілігімен Доссор кентінен 3 үй, Құлсары қаласынан 1 пәтер сатып алынған болатын. Мұндай игілікті іс биыл да жалғасын тауып отыр», -дейді компания басшысының орынбасары Рысты Тасмағамбетова.

Мұнайшылар көпбалалы отбасыға сыйға берілген пәтер орналасқан үйдің дәлізіне жөндеу жүргізіп, қоныс той иесіне кілем тарту етті.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында тұрмысы төмен отбасыларға тұрғын үй берілгенін жазған едік.


Соңғы жаңалықтар