Атырау мұнай өңдеу зауытындағы қондырғыны жөндеу 18 ақпанға дейін жалғасады

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау мұнай өңдеу зауытындағы кталитикалық крекинг қондырғысын жөндеу 18 ақпанға дейін жалғасады. Қондырғыны 22 ақпанда іске қосу жоспарланып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кәсіпорынның қоғаммен байланыс бөлімінен мәлім еткендей, 1 ақпанда Атырау мұнай өңдеу зауытындағы каталитикалық крекинг қондырғысы жұмысын тоқтатқан.

«Атырау мұнай өңдеу зауыты 1 ақпанда регенераторларда температураның көтерілуіне байланысты каталитикалық крекинг қондырғысының жұмысын тоқтатты. Мамандар ақауларды анықтаған соң «ҚазМұнайГаз» АҚ» ҰК» басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиевтің тапсырмасымен қондырғының жұмысын қалпына келтіру бойынша жедел штаб құрылды. «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасының мұнай өңдеу және мұнай химиясы жөніндегі орынбасары Арман Қайрденов жетекшілік ететін жедел штаб каталитикалық крекинг қондырғысын жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарының қадағалап оты», -деп хабарлады зауыттың қоғаммен байланыс бөлімі.

Жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына арнайы құрылған жедел штабтан бөлек каталитикалық крекинг процесінің лицензиары – Axens компаниясының мамандары да тартылған. Лицензиар жүргізген тексерудің нәтижесіне сәйкес жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары 18 ақпанда аяқталады. Ал, қондырғыны іске қосу жұмыстары 18-22 ақпан аралығында жүргізіледі. Каталитикалық крекинг қондырғысы толық жұмыс режиміне 23 ақпанда қосылатыны жоспарланған.

Еске сала кетелік, бұған дейін қондырғы бұзылуына байланысты Атырау мұнай өңдеу зауыты басшысының бірінші орынбасары жұмыстан босатылғаны хабарланған еді.

«ҚазМұнайГаз» АҚ» ҰК» басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев 3 ақпан күні Атырау мұнай өңдеу зауытына жұмыс сапарымен барып, кәсіпорын басшылығымен кеңес өткізді. Кеңес барысында «АМӨЗ» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары Рахымжан Жанғабылов қызметінен босатылды. Кәсіпорынның бас директоры Мұрат Досмұратовқа қатаң сөгіс жарияланды.


Фото: anpz.kz


Соңғы жаңалықтар