Атырау мұнай өңдеу зауытындағы қондырғы жұмысы қалпына келтірілді

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау мұнай өңдеу зауытында каталитикалық крекинг қондырғысы мен оған қатысты технологиялық нысандардың жұмысы толықтай қалпына келтірілді. Мұнай өнімдерін шығару көлемін арттыру процесі қайта жалғасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кәсіпорынның қоғаммен байланыс бөлімінен мәлім еткендей, кеше, 10 қаңтарда бұрын толтырылған 36 вагон цистернаны қоса есептегенде барлығы 1 624 тонна сұйылтылған көмірсутек газы жөнелтілген.

Оның ішінде Ақтөбе облысына 176 тонна, Қызылордаға – 584, Қостанайға 490 тонна көмірсутек газы, Атырау облысына 238 тонна, Батыс Қазақстанға – 127, Маңғыстау облысына 40 тонна автогаз бар.

«Атырау мұнай өңдеу зауытының резервуарлық паркінде 38 200 тонадан астам әлеуметтік маңызы бар мұнай өнімдері сақталып тұр. Бұл – 17 мың тонна АИ-92, 1 200 тонна АИ-95 жанармайы, 20 мың тоннадан астам дизельді отын. Мұнай өнімдерін (автобензин мен дизель отынын) жанармай бекеттер желісіне тиеп жөнелту өндірістік жоспарға сәйкес тұрақты түрде жүргізіліп жатыр», -деп хабарлады зауыттың қоғаммен байланыс бөлімі.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау мұнай өңдеу зауытында қондырғы мәжбүрлі түрде тоқтатылғанын жазған едік.

Бұған «Сұйытылған мұнай газын сақтау паркі» ЖШС қоймасында газды сақтайтын бос орын қалмағаны себеп болған. Соның салдарынан 10 қаңтарда Атырау мұнай өңдеу зауытында каталитикалық крекинг қондырғысының және оған қатысты технологиялық нысандардың жұмысын мәжбүрлі түрде тоқтатылған.

Осыған байланысты «Атырау МӨЗ» ЖШС сұйытылғын көмірсутекті газ өндірісін тәулігіне 500 тоннадан 20 тоннаға дейін, автобензиндерді тәулігіне 6000 тоннадан 1 500 тоннаға дейін, дизельді отынды тәулігіне 4 000 тоннадан 2 000 тоннаға дейін азайтқан.


Соңғы жаңалықтар