Атырау мұнай өңдеу зауытына бір жылда 100 млн теңгенің айыппұлы салынған

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау мұнай өңдеу зауытына бір жылда 100 млн теңгенің айыппұлы салынған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық экология департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, былтырғы 9 айда Атырау мұнай өңдеу зауытына 4 рет жоспардан тыс тексеру, 1 профилактикалық бақылау жүргізілген.

«Бірінші жоспардан тыс тексеру кезінде биологиялық тазарту қондырғысынан құрамында үлкен концентрацияда биошламы бар сарқынды өндірістік сулардың булану алаңына ағызғаны анықталды. Аталған дерекке байланысты 31 млн 233 мың теңге айыппұл салынды. Ал, сәуір айындағы үшінші жоспардан тыс тексеру кезінде кәсіпорын тарапынан қоршаған ортаға эмиссиялардың нормативтерін асыруға қатысты 4 заң бұзушылық анықталып, салынған айыппұлдың көлемі 55 млн 949 теңге болды. Маусым-шілде айларында жүргізілген профилактикалық бақылау кезінде анықталған заң бұзушылықтарды жою жөнінде нұсқама беріліп, 6 млн 993 мың теңге көлемінде айыппұл салуға шешім қабылданды», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Өткен жылы Атырау мұнай өңдеу зауытына экологиялық заңдылықтың талаптарын бұзғаны үшін 100 млн 672 мың теңге әкімшілік айыппұл салынған.

Еске сала кетелік, бұған дейін бұдан бұрын Атырау облысында қоршаған ортаны бүлдіргендерге 306 млн теңге айыппұл салынғанын хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар