Атырау мұнай өңдеу зауытын электрмен жабдықтау қалпына келтірілді

Фото: None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау мұнай өңдеу зауытын электрмен жабдықтау қалпына келтірілді. Зауыт қондырғыларына шикізат беру бүгін басталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кәсіпорынның қоғаммен байланыс бөлімінен мәлім еткендей, 27 шілдеде сағат 22:00-ден кейін Атырау мұнай өңдеу зауытын электрмен жабдықтау қалпына келтірілген.

«Сол күні сағат 23:00-де электр энергиясын төмендету себебінен тоқтатылған зауыт қондырғыларында жөндеу және іске қосу жұмыстары басталды. Бұл үдеріс кезінде қондырғылардың жұмысқа қабілеттілігі анықталады. Қазір технологиялық ақауларды жою жұмыстары жалғасып жатыр. Қондырғыларға шикізат беруді бүгін, 28 шілде күні кешке бастау жоспарланып отыр», - деп мәлім етті зауыттың қоғаммен байланыс бөлімі.

Қазір зауыттың қорында 26 мың тонна автобензин, 22 мың тонна дизель отыны, 4 мың тонна авиакеросин бар. Бұл жанар-жағар май тұтынушыларға жіберіледі.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау мұнай өңдеу зауытында электр қуаты сөніп, қондырғылар тоқтатылғанын хабарлаған едік.

«KEGOC» АҚ электр қуатын жоспардан тыс тоқтатуы салдарынан Атырау мұнай өңдеу зауытында электр қуаты болмады. Осыған байланысты зауыт жұмысы авариялық жағдайда тоқтатылған.

Кейін Атырау мұнай өңдеу зауытының өндірісі толығымен тоқтап тұрғанын жазған болатынбыз.

Зауыттың бас директоры Мұрат Досмұратовтың мәліметінше, бастапқыда зауыттың екі қондырғысы тоқтатылған. Содан кейін іс жүзінде барлық өндірістің жұмысы тоқтап қалған.

«Қазіргі уақытта мұнайды бастапқы айдаудың тек екі қондырғысының жұмысын сақтап қалуға мүмкіндік туды. Қондырғыларды пайдаланудан шығару кезінде барлық газ алау шаруашылығына жіберілді. Бұл қондырғылардың депрессиясы болмауы үшін автоматты түрде жасалады. Зауыт қондырғыларына келген зиян туралы айтуға әлі ертерек. Бұл қондырғыларды іске қосу кезінде анықталады», - деп мәлім еткен еді зауыттың бас директоры Мұрат Досмұратов.


Ашық көздерден алынған фото

Соңғы жаңалықтар