Атырау мектептерінде 600-ден астам мұғалім жетіспейді

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау мектептерінде 600-ден астам мұғалім жетіспейді. Әсіресе, математика, тарих пәндерінен беретін және бастауыш сыныптарға мұғалімдер қажет, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау қалалық білім бөлімі басшысының қаржы және экономика жөніндегі орынбасары Ерлан Балмұхановтың айтуынша, орыс сыныптарына дәріс беретін 400 мұғалімнің жетіспеушілігі байқалып отыр.

«Қазақ сыныптарына математика пәнінен сабақ беретін 30, орыс сыныптарына 45 мұғалім жетіспейді. Ал, тарих пәнінен дәріс жүргізетін 25 мұғалімнің тапшылығы бар. Білім ордаларында психологтердің орны бос тұр. Мектептердегі кадр тапшылығының басты себебі – жалақының аздығы. Жұмысқа орналасу үшін көптеген қиындыққа тап болады. Мұғалім болу үшін дипломмен бірге тиісті портфолио қажет. Комиссия біліктілік сәйкестігін тексереді. Содан кейін тест тапсыруы керек. Көбісі сол сынақтан өте алмайды. Егер мұғалімдер тестіні ойдағыдай тапсырған болса, онда мұғалімнің балалармен жұмыс істеуіне байланысты жеке қасиеті тексеріледі», - дейді Ерлан Балмұханов.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда кейбір мектептің жөндеу жұмысы қыркүйекке дейін аяқталмайтынын хабарлаған болатынбыз.

Атырау қаласындағы №19, 22, 27, 31 және 13-мектепте жөндеу жұмыстары шілдеде басталған.

«Шартқа сәйкес жөндеу жұмыстарының мерзімі 3,5 айдан 6 айға дейінгі аралықта жүргізілуі тиіс. Мәселен, №22, 31 және 13-мектептердегі жұмыстарды 1 қыркүйекке дейін аяқтауға мүмкіндік бар. Ал, №19 және 27-мектепті жөндеу жұмысының ауқымы үлкен. Сол себептен, бұл білім ордаларының оқушыларын өзге мектептерде уақытша оқыту мәселесі қаралып жатыр», -деп хабарлады Ерлан Балмұханов.


Соңғы жаңалықтар