Атырау халқы дәрі-дәрмек бағасына шағымданғаннан кейін 50 дәріхана тексерілді

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысының бас мемлекеттік санитар дәрігері Сәдуақас Байғабылов дәріханада алыпсатарлыққа жол бермеу және дәрі-дәрмектің шекті бағасын сақтауға байланысты жүргізілген мониторинг нәтижесін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сәдуақас Байғабыловтың мәлім етуінше, Атырау қаласының тұрғындары әлеуметтік желіде дәріханалардағы дәрі-дәрмек бағасының көтерілгенін айтып шағымданған. Осыған орай, мобильді топтар Атырау облысының 50 дәріханасына тексеру жүргізген.

«Тексеру барысында дәріханаларда дәрі-дәрмек бағасының көтерілгені анықталды. Мәселен, «Новиган Нео № 20» препараты - 600-800 теңгеден (шекті бағасы - 583 теңге), «Аспирин Кардио 100 мг № 28» - 1500 теңгеден (шекті бағасы - 1271 теңге), «Кардиомагнил 75 мг № 100» - 1900 теңгеден (шекті бағасы - 1802 теңге) сатылған. Қазір облыстық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің мамандарымен аталған фактілер бойынша 9 әкімшілік іс қаралып жатыр. Шағын және орта кәсіпкерлік нысандарына ҚР Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 426-бабымен 130-дан 1000-ға дейінгі айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады», - деді Атырау облысының бас мемлекеттік санитар дәрігері Сәдуақас Байғабылов.

Сондай-ақ, «Ортодонт» ЖШС дәріханасынан 10 түрлі тіркелмеген дәрі-дәрмек табылған. Ал, «Вердант» косметологиялық кабинетінде фармацевтикалық лицензиялық құжатсыз әрі заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу дерегі тіркелген. Мұнда 116 түрлі тіркелмеген дәрі сатылған. Оның ішінде «Клексан», «Дексаметазон», «Азитромицин» секілді тапшы дәрі-дәрмектер болған.

Қазір екі дерек бойынша экономикалық тергеу департаменті тергеу жүргізіп жатыр.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысының екі тұрғыны үйлерін дәріханаға айналдырғанын хабарлап едік.


Соңғы жаңалықтар