«Атырау» футбол клубының бас бапкері қызметінен босатылды

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Атырау» футбол клубының бас бапкері Константин Горовенко қызметінен кетті. Бұл жөнінде команда басшылығы ресми мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атыраулық клубтың директоры Эрнис Есмагамбетов бас бапкердің ауысуына қатысты түсінік берді.

«Константин Александровичке атқарған жұмысы үшін алғыс айтамыз. Жарты жыл ішінде жағымды және есте қалатын сәттер болды. Команда 1 мамырдан бері өз алаңында жеңіске жеткен жоқ. Кейінгі 11 кездесуде екі рет қана жеңіске жеттік, кубокта топтық кезеңде қалып қойдық. Чемпионаттағы соңғы 5 кездесуде жеңіске жете алмадық. Бапкердің ауысуы, ең алдымен, команданың эмоционалдық көңіл-күйіне оң әсер етеді деп үміттенеміз», - деді ол.

Әзірге команданың бас бапкері қызметіне кімнің келетіні белгісіз.

«Үміткерлермен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Бұл Қазақстанда бұрын жұмыс істемеген шетелдік маман екенін ғана айта аламын», - Э.Есмағамбетов.

К. Горовенко 1977 жылы дүниеге келген. Футболдағы мансабында 1995-2004 жылдары «Қайрат», «Қайнар», «Астана», «Алматы», «Мегаспорт», «Сұңқар» командаларында ойнады. Ұлттық құрама сапында 2000-2001 жылдарда 6 ойында 3 гол соқты.

2020-2021 жылдарда Қарағандының «Шахтер», Талдықорғанның «Жетісу» клубтарында бас бапкер болды.

Биылғы жылдан бастап «Атырау» командасына жетекшілік етті.


Фото: kazfootball.kz




Соңғы жаңалықтар