Атырау экологтары Ресеймен шекарадағы Қиғаш өзені суының сапасын тексерді

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау экологтары Ресеймен шекарадағы Қиғаш өзені суының сапасын тексерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облысының бас мемлекеттік экологиялық инспекторы Сырым Тілегеновтің айтуынша, трансшекаралық Қиғаш су айдыны Ресей аумағындағы Еділ өзенінің бір тармағы саналады.

Ал, жақында Волгоград облысындағы Еділ өзеніне кәріздік ағын су жіберілген. Сол себептен, Қиғаш өзеніндегі су сапасын тексеруге шешім қабылданған.

«Ресеймен шекарадағы Қиғаш өзенінен су сынамалары 10 компонентке байланысты алынды. Оның ішінде азот, сульфат, нитраттар, мұнай өнімдері, хлорид және басқа да құрамдас бөліктер бойынша іріктелді. Тексеру нәтижесінде Атырау облысының Құрманғазы ауданындағы Қиғаш өзенінің суында нормативтердің белгіленген шамадан асып кету дерегі тіркелген жоқ», -деді Атырау облысының бас мемлекеттік экологиялық инспекторы Сырым Тілегенов.

Оның айтуына қарағанда, Қиғаш өзеніндегі судың сапасын бақылау жалғаса береді.

Қиғаш өзенінен Атырау мен Маңғыстау облысының елді мекендерін ауыз сумен қамту үшін ұзындығы 1 мың шақырымнан асатын құбыр тартылған.

Екі облысқа ауыз су жеткізетін құбырдың желілері, сору, сүзу қондырғылары ескірген. Құбыр 80 пайызға тозған.

Ал, Құрманғазы ауданының Қиғаш ауылындағы станса 1987 жылы салынған.

Нысанның қуаты тәулігіне 260 мың текше метр су айдауға есептелген. Бірақ, қазір тәуліктік қуаты – 110 мың текше метр.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Жайық өзенінің суынан алынған сынамадан фенол табылғанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар