Атырау дәрігерлері шалғай ауыл тұрғындарын медициналық тексеруден өткізді

None
Фото: Облыстық денсаулық сақтау басқармасы
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау дәрігерлері шалғайдағы ауылдардың тұрғындарын медициналық тексеруден өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиев бастаған дәрігерлер тобы Құрманғазы ауданының шалғайдағы елді мекендерінде тұратын тұрғындарға медициналық көмек көрсетуді қолға алды.

«Ауданға іссапарымды акушер-гинеколог, лор, дерматолог, невропатолог, гастроэнтеролог, аллерголог, педиатр секілді бейінді дәрігерлер тобымен бірге Үштаған ауылынан бастадым. Бұол ауылда 800-ден аса тұрғын бар. Дәрігерлік консультациялық көмекке 30-ға жуық тұрғын жүгінді. Бейінді мамандар тиісті ем-домдарын жүргізіп, кей науқастарға қажетті анализ және өзге анықтамаларын тапсыруды ұсынды», -деп хабарлады Қайсар Абдалиев.

Оның айтуынша, бұдан соң дәрігерлер тобының жұмысы Асан ауылында жалғасқан.

Мұнда 500-ге жуық тұрғын мекендейді.


«Асан ауылының тұрғындары бейінді мамандарға жолығып, денсаулығын тексертті. Қосымша туындаған сауалдарына жауап алды. Медициналық көмекке 40-тан аса адам жүгінді. Ауыл тұрғындары эндокринолог, көз дәрігерлері де ауылға келіп, медициналық көмек көрсетуді сұрады. Тұрғындар өтінішіне сәйкес алдағы уақытта аталған бейінді мамандар көмек көрсететін болады», -деп мәлім етті Қайсар Абдалиев.

Сүйіндік ауылындағы медициналық пунктіне бейінді мамандардан дәрігерлік кеңес алуға 13 мамырда 50-ге, 14 мамырда сағат 10:00-ге дейін 30-ға жуық тұрғын жүгінген.

«Батырбек, Егінқұдық және Жалғызапан ауылындарына арнайы барып, тұрғындардың медициналық көмекке қолжетімділігімен таныстым. Ал, Егінқұдық ауылында ескі мектеп жанындағы жер теліміне жыл соңына дейін медициналық пунктің құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. Жалғызапан ауылында тұрғындардың тиісті ем-дом шараларын алуы үшін мектеп жанынан медициналық пункт ашылған. Алдағы уақытта бұл ауылда да медициналық пункт салу жоспарға енгізілді», -дейді Қайсар Абдалиев.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда басқарма басшысы жедел жәрдем бригадасымен шақыртуларға барғанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар