Атырау дәрігерлері коронавирустан қайтыс болған әріптесін еске алды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда №2 облыстық инфекциялық аурухананың дәрігерлері коронавирустан қайтыс болған әріптесі Жұмабек Дәулетовті еске алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қауіпті індетке шалдыққан науқастарды емдеген инфекционист-дәрігердің бірі – Жұмабек Дәулетов Ақтөбе медициналық институтын бітірген. Ол еңбек жолын 1981 жылы Балықшы аудандық ауруханасында бастаған. Кейін 1998 жылы облыстық инфекциялық ауруханаға жұмысқа ауысқан.

«Жұмабек Бағытұлы бұл ауруханада алғашқыда - реанимотолог, одан соң өмірінің соңына дейін инфекционист болып еңбек етті. Аймаққа есімі кеңінен таралған дәрігер уақытпен санаспайтын. Өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қараушы еді», - дейді №2 облыстық инфекциялық аурухана директорының кеңесшісі Аслан Жеңісұлы.

Бірге еңбек еткен әріптестерінің айтуына қарағанда, Жұмабек Дәулетов 40 жылға жуық дәрігерлік еңбек жолында оба, холера, түйнеме секілді вирусты індетпен ауырған жандарға емімен де, жылы сөзімен де шипа дарытқан. Ауруханада жетіспейтін дәрігерлердің де міндетін атқарып жүрген. Тіпті, талай рет қан қысымы көтеріліп отырса да, жұмыс орнын тастап кетпеген.


«Ол – дәрігерлік антына адал, ақ халатына қылаудай дақ түсірмеген таза жан. Жас буынға жөн сілтер ақылшы болды. Мейірбикелер мен тазалықшыларға ағасындай қамқор көзқараспен қарайтын жанашыр еді» -деп еске алады әріптестері.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда карантин күшейтілген еді.


Соңғы жаңалықтар