Атырау даласында құлпынай өсіріле бастады

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атыраулық шаруа далалы алқапқа құлпынай өсіруді қолға алды. Ол 1 гектарға 17 мың түп италиялық, калифорниялық құлпынай түрін еккен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпаратына қарағанда, құлпынай өсірумен айналысатын Нұржігіт Рақымжанов Махамбет ауданының Жалғансай ауылдық округінде тұрады. Ол 1 гектарға суыққа да, ыстыққа да төзімді 17 мың түп шетелдік сорттағы құлпынай еккен.

«Мамандығым – мұнайшы. Бұрын жеке кәсіппен де, шаруашылықпен де айналыспаған едім. Коронавирус инфекциясы басталғанда, тұрғындар қойдың құйрық майға, лимон мен зімбірге, оған қоса құлпынай сынды жеміс-жидектен қайнатылған тосаптарға сұраныс арта түсті. Сол кезде Қырғызстаннан бір қорабы 2 500 теңге тұратын құлпынай келеді дегенді естідім. Базардан алған сол құлпынайдың дәмі де, түрі де көңілімнен шыққан жоқ. Себебі, бірнеше күн көлікпен тасымалданған жұмсақ жеміс езіліп қалған», - дейді Нұржігіт Рақымжанов.

Сол кезде құлпынай өсіруге бел буған. Бірақ, алдымен құлпынайды өсіру әдісін зерттеген. Голландияның, Италияның мамандарымен сөйлесіп, тұқым түрлерін салыстырған. Сөйтіп, былтыр үйінің ауласына 2 мың түп құлпынай еккен.


«Қазір италиялық «Клэйр» және калифорниялық «Альбион» деп аталатын құлпынайды өсіріп отырмын. Бұл құлпынайлар әрі көлемді, әрі дәмді, біздің өңірдің ауа райына төзімділігімен ерекшеленеді. «Клэйр» жемісті көктемде береді. Ал «Альбионнан» ерте көктемнен қарашаға дейін өнім алуға болады», - дейді шаруа.

Оның айтуынша, құлпынай өсіру үшін тұқымы мен сұрпы сапалы болуы керек. Суару, тыңайтқышпен өңдеу, түрлі аурулардан қорғау технологиясын меңгеру қажет.

Еске сала кетелік, бұған дейін атыраулық шаруа жүгерінің «пионер» сортынан мал азығын дайындайтынын хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар