Атырау білім басқармасы балаларына мектеп формасын сұраған анаға қатысты түсінік берді
2022 жылғы 10 тамыз 23:51

Атырау білім басқармасы балаларына мектеп формасын сұраған анаға қатысты түсінік берді

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда екі баласына мектеп формасын сұраған анаға қаржылай көмекті күту ұсынылған. Бұл туралы әлеуметтік желіде видео тараған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық білім басқармасының баспасөз қызметінің мәліметіше, ата-ананың бірі Венера Нұрмолдина Атырау қаласындағы жалпы білім беретін №21 Жамбыл атындағы орта мектебінің басшылығына жүгінген.

Ол биылғы 2 тамыз күні «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы аясында әлеуметтік көмек алу үшін мектеп жасындағы 2 ұлына мектеп формасы киімдерін беруін сұраған.

«Аталған мектептің әлеуметтік педагогы Айдана Кенжетайқызы тиісті өлшемдегі киімдердің болмауына байланысты әлеуметтік көмектің қаржылай түрде көрсетілуін күтуді сұраған. Алайда, ата-ана Венера Нұрмолдина мектеп формасының өлшемі сай келмесе де қысқартып алатынын айтып, қолхат жазған. Осыған байланысты №21 Жамбыл атындағы орта мектептің директоры Естай Абайұлынан түсініктеме алынды. Ата-аналарға «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр», -деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын «Мектепке жол» акциясы аясында көмекке мұқтаж атыраулықтар жедел желіге хабарласа алатынын жеткізген едік.

«Атырау облысында «Мектепке жол» акциясы аясында 20 мыңға жуық оқушыға көмек беріледі. Көмекке мұқтаж отбасылардан өтінім қабылдау үшін жедел желі іске қосылды», -деп мәлім еткен еді Айнагүл Дүйсекенова.


Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT