Атырау автобустарында сараланған тариф 1 қазаннан бастап енгізіледі

None
None
АТЫРАУ.ҚазАқпарат- Атырауда сараланған тариф енгізу күні 1 қазанға ауыстырылды. Кейінге қалдыру себебі - тұрғындардың жол карталарын сатып алу белсенділігі төмен, деп хабарлайды ҚазАқпарат қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Смарт Атырау» МКК директоры Әділбек Танкиев қоғамдық көлікте сараланған тариф енгізу кейінге шегерілетінін хабарлады. Спикердің айтуынша, бірқатар себептерге байланысты мерзім 15 қыркүйектен 1 қазанға ауыстырылды.


«Біріншіден, тұрғындардың жол жүру картасын сатып алу белсенділігі төмен. Екіншіден, тұрғындардың өзі бұл күнді екі аптаға шегеру туралы ұсыныс білдірді, өйткені 200 мың адамнан тұратын жеңілдік санатына жататын тұрғындар әлі де жеке карталарын алып үлгермеген. Қазіргі уақытта 90 мыңға жуық оқушыға, 50 мыңнан астам студентке, 27 мың зейнеткерге, 30 мыңнан астам мүгедектер мен олардың қамқоршыларына жеке жол жүру карталары шығарылып жатыр», - деп түсіндірді Әділбек Танкиев.

Айта кетейік, бүгінде Атырауда жол карталарын сататын төрт орын бар - «Вокзал маңы», «Вокзал», «Облыстық перзентхана» және «Авангард соңғы аялдама». Алдағы уақытта жол карталарын шығару «Нұрсая» шағынауданында, «Тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС ғимаратында жүзеге асырылады. Тұрғындар дайын карталарды тек бір нүктеден - «Вокзал маңы» аялдамасынан ала алады.

Еске сала кетейік, сараланған тариф енгізілген соң жолақы қолма-қол төлеген жағдайда – 150 теңге, картамен төлесе – 80 теңге болады.



Фото: azh.kz


Соңғы жаңалықтар