Атырау әуежайында құқық бұзған 30-дан астам жүргізуші ұсталды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда Х.Доспанова атындағы халықаралық әуежай тұрағында құқық бұзушылық жасаған 30-дан астам жүргізуші ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, әуежайдағы көлік тұрағы жастардың түнгі мезгілде жиі жиналатын орынға айналған.

«Жас жүргізушілер қауіпті маневрлер жасау, асфальт жабынын бүлдіру, көлік құралының конструкциясына сәйкес келмейтін сыртқы жарықтандыру аспаптарын қолдану, көлік құралын жүргізу құқығы жоқ күйінде басқару, арнаулы дыбыстық сигналдарды қолдану ережелерін жиі бұзады. Өткен демалыс күндері аталған тұрақта құқық бұзушылыққа жол берген 30-дан астам жүргізуші анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды» -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.


Мәселен, 22 тамызда «BMW» маркалы көлігінің жүргізушісі көлікті тұрған орнында айналдырып, маневр жасау ережесін бұзған. Сөйтіп, асфальт жабынын бүлдіргені және көлік құралын техникалық байқаудан өтпеген күйінде басқарғаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 595-бабының 1-бөлімімен, 630-бабының 1-бөлімімен және 590-бабының 9-бөлімімен әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 17 502 теңге көлемінде айыппұл салынды. Ал, 23 тамызда түні сағат 01:05 шамасында «Лада Приора» маркалы көлігінің 23 жастағы жүргізушісі арнаулы дыбыстық сигнал орнатқаны үшін ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 603-бабының 2-бөлімімен әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Арнаулы дыбыстық құрылғысы тәркіленді.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда Қазақстан туын көлігіне жапқан жүргізуші жазаланғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар