Атырау ауасында күкіртті сутек шекті нормадан асып кеткен - экологтар

None
Фото: gov.kz
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда атмосфералық ауада күкіртті сутек шекті нормадан асқаны анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облыстық экология департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, бүгін, 28 наурызда жағымсыз иіске байланысты атмосфералық ауаның сапасына мониторинг жүргізілген.

«Бүгін ауа сапасына талдау жүргізу кезінде желдің бағыты солтүстік-батыстан, атмосфералық ауа температурасы +13С, қысым - 756, ылғалдылық - 73% және желдің жылдамдығы секундына 10 метрді құрады. Бұл бағытта Атырау қаласының оң жағалауында «Квадрат» булану алаңы орналасқан. Осыған орай Атырау облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы мен облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің, облыстық бойынша экология департаментінің мамандары, БАҚ өкілдері және «Квадрат» булану алаңын қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатқан «Павлодар өзен айлағы» АҚ өкілдерінің қатысуымен атмосфералық ауадан сынама алынды. «Квадрат» булану алаңында жүргізілген мониторингтің нәтижесінде күкіртті сутек ингредиентінің рұқсат етілген шекті шоғырланудан асу фактісі анықталды», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Ал, Атырау облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мәдениет Танауовтың айтуынша, ауадағы жағымсыз иіс тыныс алуға, қан тамырлары мен жүрекке кері әсерін тигізеді.

«Атмосфералық ауадан сынама алынды. Сынамаға талдау жүргізіледі. Оның қорытындысына сәйкес шара қолданылады», -деп мәлім етті Мәдениет Танауов.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау тұрғындары ауадағы сасық иіске шағымданғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар