Валюта бағамдары:
    usd/kzt 476.18 eur/kzt 485.56

    rub/kzt 7.76 cny/kzt 70.34
Ауа райы:
Нұр-Сұлтан: 1 °С
Алматы: 15 °С

«Атырау - Астрахан» трассасының кей учаскелері жыл соңына дейін ел игілігіне беріледі

2022 жылғы 13 маусым 14:10

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Қазір «Атырау - Астрахан» тасжолы қайта жөндеуден өтіп жатыр. Бүгінде жолдың 60 шақырымына асфальт төселді. Көрші Ресеймен арамызды жалғайтын тасжол құрылысы туралы «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының Атырау облысы бойынша филиалының директоры Болатбек Айтбеков айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз қазір «Атырау - Астрахан» тасжолында тұрмыз. Жолдың жалпы ұзындығы - 277 шақырым. Оның ішінде 60 шақырымына бүгінде асфальт төселді. Қазір қалған 217 шақырым жолды қайта жөндеу жұмысы жүріп жатыр. Жол жөндеу жұмыстары 4 учаскеге бөлінген. 500-ден астам жұмысшы 400 шақты техниканың көмегімен еңбектеніп жатыр. Құрылыс материалдары көрші Маңғыстау және Ақтөбе облысынан жеткізіледі. Материал жеткізуде вагон санының аздығы байқалады. Жол ұзақ, кейбір аймақтарға теміржол қатынасы бармайды. Бұған дейін «Атырау - Астрахан» үшінші санатты болса, енді екінші санаттағы тасжол салынып жатыр. Жолдың ені бұрын 7 метр болса, енді 9 метрге жетеді», - деді Болатбек Айтбеков БАҚ өкілдеріне арналған тур барысында.

Филиал басшысының дерегінше, биыл осы жолды салуға және жөндеу жұмыстарына 30 млрд теңге қаржы бөлінді.

«Бұл жолды салу 2020 жылы басталған. Дегенмен жобада жергілікті жердің ерекшелігі ескерілмеген соң мердігер компаниялар жобаны қайта қарады. Биыл жылдың соңына дейін жолдың біраз бөлігіне асфальт төсеп, пайдалануға береміз деп жоспарлап отырмыз. Бұл жерде басты мәселе - құрылыс материалдары уақытылы жетсе және ауа райы қарасып тұрса болғаны», - дейді ол.

Айта кетейік, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы «Ақтөбе – Орал – Атырау» бағытындағы республикалық маңызы бар жолдардағы жұмыс бойынша БАҚ өкілдеріне тур ұйымдастырды.


Автор:

Дәулет Ізтілеу

Новости по теме
Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары