Атырау-Астрахан автожолы аяқталғанша барлық басшылар құрылыс басында болады

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев «Атырау-Астрахан» автожолын реконструкциялау жұмыстарын тексерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат министрлікке сілтеме жасап.

Қайырбек Өскенбаев бірнеше учаскелердегі, оның ішінде Құрманғазы кентінің жанындағы (682-845 км) жұмыстарды тексерді, сондай-ақ Исатай және Құрманғазы аудандарының тұрғындарымен кездесті. Министр Мемлекет басшысы аталған жобаның іске асырылуын ерекше бақылауында ұстайтынын атап өтті. Осы ретте Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен нақты шешімдер қабылданды.


«Біз міндетті түрде бір, бір жарым айда Атырау облысына атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы мен іске асырылу мерзімін тексеру үшін келіп тұрамыз. Бұдан басқа, Автомобиль жолдары комитеті, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы және Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы басшыларының орынбасарлары жолды реконструкциялау аяқталғанға дейін тұрақты түрде осында болады деген шешім қабылданды. Оларға басқа жұмыстарын әріптестеріне тапсырып, тек «Атырау-Астрахан» жобасымен айналысу қажеттілігі айтылды», – деді Қайырбек Өскенбаев.

«Атырау-Астрахан» жобасы 6 бөлікке бөлінген. 833-853 шақырымдық учаске 2020 жылы пайдалануға берілді. Жылдың соңына қарай жолдың барлық ұзындығы бойынша қозғалысты ашу жоспарлануда.

«Атырау-Астрахан» тас жолының құрылысын аяқтап, халық игілігіне беру – күн тәртібіндегі кезек күттірмейтін мәселенің бірі. Енді менің бір орынбасарым құрылыс жұмыстарының уақытында аяқталуын күнделікті қадағалап отырады және маған күнделікті есеп береді. Бұл жұмыстарды жүзеге асыру жолында қоғамдық бақылауды да күшейткен жөн», – деді Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов.

Айта кетерлігі, бүгінгі таңда мердігер ұйымдар жол-құрылыс материалдарын дайындап, құрылыс-монтаж жұмыстарына кірісіп жатыр. «Ақтөбе-Атырау-РФ шекарасы (Астраханға)» дәлізі бойынша барлық жұмысты 2023 жылы аяқтау жоспарлануда.


Еске салсақ, кеше Президент «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған «Күре жолдағы күрсініс» атты мақалаға назар аударып, ұзақ жылдар бойы шешілмей келе жатқан Батыс Қазақстан облысындағы күре жолдар проблемасы бойынша Үкіметке және аймақ басшысына тапсырмалар жүктеді.



Соңғы жаңалықтар