Атырау әкімі тұрғындардың 1 мыңға жуық сұрағына жауап береді

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырау қаласының тұрғындары бір ай бойы қала басшысына жазбаша түрде және әлеуметтік желілер арқылы сұрақ қою мүмкіндігіне ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Облыс орталығы мен іргелес орналасқан елдімекендердің тұрғындары қойған 1 000 сауалдың жүзге жуығы Әлимұхаммед Құттұмұратұлының атына жазбаша түрде түскен.

Айта кетейік, қала әкімінің есеп беру кездесуінен екі апта бұрын қаладағы қоғамдық орындарда - Сәтпаев, Баймұханов көшелеріндегі ХҚКО, Авангард ықшамауданындағы жұмыспен қамту орталығы, «Сарайшық» базарында арнайы хат салатын жәшіктер орнатылды.

«Кері байланыс үшін тұрғындар телефон нөмірі мен мекенжайын көрсетулері тиіс болды. Барлық сұрақтар өңделді, ең қызықты сауалдарды қала әкімі халыққа есеп беру кездесуінде атап өтеді», - деп хабарлады Атырау қалалық әкімдігінің баспасөз қызметінен.

Сонымен қатар, 900-ден астам сауалды Әлимұхаммед Құттұмұратұлы әлеуметтік желілердегі парақшасында қабылдаған.

Сұрақтардың басым бөлігі жеке үй салуға жер телімін бөлу, жол құрылысы, жаяу жүргіншілер жолы, көшенің жарығы мәселелеріне қатысты болды.

«Әкімге сұрақ жолдаған тұрғындар есеп беру кездесуінен кейін көп кешікпей жауап алатын болады», - деп нақтылады Атырау қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі.

Қала әкімі Әлимұхаммед Құттұмұратұлының есеп беру кездесуі 13 ақпанда сағат 10:00 де «Құрманғазы» мәдениет үйінде өтеді.

Соңғы жаңалықтар