Атырау әкімдігі өз бағасынан 4 млн теңгеге қымбат өкпе аппараттарын алудан бас тартты

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы «ОралМедРегион» ЖШС-нен алынатын 45 өкпені жасанды желдету аппаратын жеткізуге қатысты келісімшартты бұзды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«ҚР Қаржы министрлігінен 21 шілдеде Атырау облысының әкімдігіне елдегі медициналық ұйымдарға жасанды желдету аппараттарын сатып алу үшін ҚР Үкіметінің резервінен қаражат бөлінгені жөнінде ақпарат түсті. Онда әрқайсысы 8 миллион 900 мың теңге тұратын 63 жасанды желдету аппаратын Атырау облысына жеткізу жоспарланған. Ал, «ОралМедРегион» ЖШС-нің Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасымен жасалған келісімшартында жасанды желдету аппаратының әрқайсысының құны 13 миллион 285 мың теңгені құрайды.

Жоғарыда аталған келісімшартқа сәйкес жалпы құны 597 миллион 825 мың теңгеге 45 аппаратты сатып алу жоспарланған. Бір жасанды жеделдету аппараты бағасының айырмашылығы – 4 миллион 385 мың теңге. Яғни, бұл Үкімет резерві есебінен сатып алынатын құрылғылардың бағасынан 50 пайызға қымбат. Сол себептен, 8,9 млн теңгенің 45 жасанды желдету аппаратын сатып алу бюджет қаржысын 197 млн 325 мың теңге үнемдеуге, оған қосымша 22 осындай аппарат алуға мүмкіндік береді» -деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.

ҚР Қаржы министрлігінен келген ақпаратпен танысқан облыстық денсаулық сақтау басқармасы аталған жағдайларды ескере отырып, «ОралМедРегион» ЖШС-не 2020 жылғы 21 шілдеде тіркелген келісімшартты бұзу туралы хат жолдаған.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда мұнайшылар ауруханаға 40 оттегі баллонын алып берген еді.



Соңғы жаңалықтар