Атын атамауды өтінген кәсіпкер медресе шәкіртіне 1 млн теңге берді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралдық кәсіпкер медресе шәкірті Әдиет Айдынәлиевке ота жасату үшін 1 млн теңге берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бәйтерек ауданы Асан ауылдық мешітінің бас имамы Мұратбек Жахатовтың айтуынша, Әдиет Айдынәлиев Оралдағы үш жылдық медресенің бірінші курсында оқиды.

Осыдан алты жыл бұрын Әдиет ауыр дертке душар болып, жамбас сүйектерінің қызметі бұзылған. Соның салдарынан екі аяғын сүйретіп басса да, намаздан қалған емес.

Қазір 26 жастағы Әдиет Қасиетұлы болашақта медреседегі оқуын бітіргеннен кейін шетелде білімін көтеруді армандайды. Оған дейін науқасынан құлантаза жазылуды мақсат етіп отыр.

«Әдиет отаны Түркияда жасатқысы келеді. Оған 40 мың АҚШ доллары керек. Сондықтан қаладағы мешіттер арқылы медресе шәкіртіне ақпан айынан бері қаржы жиналуда. Осыны естіген мешітке келіп жүрген кәсіпкер аты-жөнін атамауды өтініп, қасиетті рамазан айында қайырымдылық көрсетіп, 1 млн теңге берді. Біз мұны Әдиетке табыс еттік. Ол бұған дейін 6 млн теңге қаржы жиналғанын жеткізді. Осылайша жалғаса берсе, бауырымыздың еміне қажетті қаражат жетіп қалар. Алла шипасын берсін!», деді ҚазАқпарат тілшісіне Мұратбек Жахатов.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да кәсіпкер ауылдастарының қарызын кешіргенін жазған болатынбыз.




Соңғы жаңалықтар