Атуға құқылы: Заңгер коменданттық сағат тәртібін бұзудың салдарын атады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Белгілі заңгер Марат Қоғамов төтенше жағдай режимін бұзудың құқықтық салдарын атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы «Хабар 24» телеарнасының эфирінде айтылды.

Төтенше жағдай режимі кезінде құқық қорғау органдары мен күштік құрылымдардың айрықша өкілеттіктері болады. Заң ғылымдарының докторы Марат Қоғамовтың айтуынша, бұл бірқатар заңнамалық актілерде көзделген.

«Қазір халқымыз трагедиялық ахуалды бастан кешіріп жатыр. Бәрі берекелі аяқталады деп үміттенемін. Мемлекет басшысының жағдайды тұрақтандыру бағытындағы шешімі Конституцияға негізделіп жасалғандықтан, солай болатынына сенімдімін. Ел аумағында төтенше жағдай режимі енгізілгендіктен әрқайсымыз тиісті қызметтің киімін киген өкілдердің айтқанын орындауға міндеттіміз. Көлікпен кетіп бара жатқанда тоқтауымызды сұраса, аялдауымыз керек. Осы сияқты оның заңды талаптарын түгел орындауымыз шарт. Қажет етсе, жеке куәлігімзді көрсетіп, жүргізуші куәлігін ұсынуымыз қажет. Көліктен шығуымызды сұраса, айтқанын орындап, жүксалғышты, артқы және алдыңғы есіктерді ашып, онда қандай заттың немесе кімнің бар екенін көрсету керек», - деді Марат Қоғамов.

Заңгер күштік құрылым өкілдері қандай жағдайда қару пайдалана алатыны туралы да заңда нақты жазылғанын айтады.

«Елімізде террористік қауіптің шекті «қызыл» деңгейі жарияланды. Полиция өкілдері мен әскерилер оқиға орнында ахуал мен тәуекелді бағамдай алады. Өйткені коменданттық сағаттың осындай ерекшелігі бар.

Қайталап айтамын, қазір ерекше жағдайда тұрмыз. Сағат 23.00-ден 07.00-ге дейін коменданттық сағат енгізілді. Яғни бұл уақытта ешкім үйден шықпауы керек. Көлікпен жүруге де болмайды. Өйткені бұл уақытта елді мекендер түгелімен армияның билігінде болады. Азаматтарға тәуекелге бармаңыздар дегім келеді. Егер көлікпен жүрсеңіз, алшақтауға тырысыңыз. Заңның талабына қарамастан олар атуға құқылы. Олардың әрекеті дұрыс болып саналады. Өйткені комменданттық сағат кезіндегі күтпеген әрекеттің бәрін олар қылмыстық әрекет деп бағалай алады», - деп кеңес берді заңгер қазақстандықтарға.


Соңғы жаңалықтар