Атом стансасы бүкіл проблеманың дауасы бола алмайды – Болат Ақшолақов
2022 жылғы 20 мамыр 15:30

Атом стансасы бүкіл проблеманың дауасы бола алмайды – Болат Ақшолақов

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорда тұрғыны ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақовтан атом электр стансасын салуға қатысты пайымын сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«АЭС бойынша не естігіңіз келіп отырғанын түсінбедім. Жеке пікірімді білгіңіз келсе, айтайын. Бізге атом электр стансасы керек. Бұрынғы көлемде көмір қолдана беруімізге болмайды. Көмір стансаларына ешкім қаржы салмайды қазір. Өкінішке қарай, газ тұтынудың мүмкіндіктерін өздеріңіз көріп отырсыздар. Барған сайын азайып келеді. Егер жаңа көздерді ашып, игеру үшін ақша салмасақ, газ тапшылығы болады», - деді Болат Ақшолақов.

Министрдің ойынша, АЭС салудан туындауы ықтимал тәуекелдерді бақылауда ұстауға болады.

«Атом стансасы бүкіл проблеманың дауасы бола алмайды, әрине. Бірақ, ол – тұрақты, сынақтан өткен көз болар еді. Иә, оған қарсы адамдар бар. Түрлі үрей бар деуге болады. Қазақстанда бұл мәселеге кеңес заманындағы ядролық полигонмен салыстырмалы түрде қарайды дегендей. Мен оны түсінем, негізсіз де емес шығар. Бірақ, азаматтық энергетика тұрғысынан айтарлықтай қатері жоқ негізі. Кез келген істің өз тәуекелі болады. Тіпті, су ішсеңіз де, түрлі тәуекелі бар. Есепті дұрыс жүргізіп, тәуекелдерді басқара алу керек. Біз қазір сол есепті жүргізіп жатырмыз. Қайталап айтайын, атом стансасы – болашақтағы электр тапшылығын шешудің өте жақсы жолы бола алады», - деді министр.

Сондай-ақ, Болат Ақшолақов БАҚ өкілдеріне елдің солтүстігі мен шығысындағы өңірлерді газдандыру мүмкіндіктері туралы мәлімет берді.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT