Атом энергиясын дамыту – Франция Қазақстанға не ұсына алады

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан таяу келешекте атом электр стансасын салуға ниет танытып отырғаны белгілі. Бүгінде Қазақстан қарастырып отырған ядролық технологияларды әлеуетті жеткізушілер тізіміне 4 компания (қытайлық CNNC, ресейлік «Росатом», француздықя EDF және оңтүстіккореялық KHNP) кіреді. Барлық компанияның уақыт сынынан өткен пайдалану тәжірбиесі мен үлкен қуатты реакторлық техологиялары бар. Осы орайда Франция елімізбен атом энергетикасын дамыту жөніндегі өзара тиімді серіктестік құру аясында тәжірибесін бөліспек. Таяуда астанаға сапармен келген Électricité de France (EDF) компаниясының жаңа халықаралық атом жобаларын дамыту жөніндегі вице-президенті Вакис Рамани ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат беріп, мемлекет үшін атом энергетикасын дамыту не беретінін тарқата айтып берді.

- Вакис Рамани мырза, ең алдымен Қазақстанға сапарыңыздың мақсаты жайында айтып берсеңіз.

- Мен EDF тобында жаңа атом технологияларын әзірлеуге жауап береміз. Біз әлемнің көптеген еліндегі энергетикалық ауысымды қолдауда атом энергиясының рөлін қамтамасыз етеміз. Француз технологиясының дамуына, салынуына және пайдаланылуына септігімізді тигіземіз. Қазақстанға сапарымның мақсаты осы саладағы ұзаққа созылған пікірталастың жалғасы саналады.

Біз осы жерде, Қазақстанда атом электр стансасын салумен айналысатын «Қазақстан атом электр стансасы» жобалық компаниясымен талқылау өткіздік. Сонымен қатар әлеуетті ынтымақтастықтың тағы қандай түрлі аспектілері болуы мүмкін екендігін қарастыру үшін Қазақстан Үкіметімен бірқатар талқылауға бастама жасадық. Процесс жүріп жатыр. Оның аясында Қазақстан Үкіметі таяу уақытта, мүмкін осы жылдың ішінде таңдау жасауы қажет. Франция мен Қазақстан арасында азаматтық атом энергиясы саласындағы ынтымақтастықтың барлық оң аспектілері күшейе түсуі мүмкін екеніне сенімдімін.

- Қазақстан атом электр стансасын жобалау және салу үшін Франция тәжірибесін зерделеп жатыр. Еліміз атом электр стансасын салуды жоспарлап отырғаны да белгілі. Осы орайда Électricité de France компаниясы Қазақстанмен қандай бағытта ынтымақтастықты жолғ а қоймақ?

- Біз Қазақстан Үкіметі мен «Қазақстан атом электр стансасы» компаниясы бірнеше жылдан бері бастамашылық жасап келе жатқан процестің бөлшегіміз. 2019 жылы біз бірінші ұсыныс жасаған едік. Қазақстан тарапының сұранысымен 2022 жылы жаңартылған ұсынысымызды бердік. Бірақ, бұл процесс COVID-19 пандемиясы салдарынан бірқатар қиындыққа тап болды. Енді өткен жылдан бері ұсыныстар алмасу және одан арқылы талқылау іс-шараларына қайта кірістік. Мұндай талқылауға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылдың қарашасында Францияға сапары аясында Президент Эммануэль Макронмен кездесуі септігін тигізді. Сонымен қатар EDF төрағасы мен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың арасында екіжақты келіссөз ұйымдастыру мүмкіндігі болды.

Тоқаев мырза EDF компаниясы тарапынан ұсынысты тыңдауға және қарастыруға ашық әрі дайын екенін білдірді. Біздің талқылауымыз қазақстандық жүйе үшін өте қолайлы болатын EPR-1200 технологиясына негізделген. Шындығында біз Қазақстанда EPR-1200 технологиясын жүзеге асыруға септігін тигізетін барлық қажетті шарттарды қарастырамыз.

- Жобаны жүзеге асыру үшін Қазақстанға не ұсына аласыздар?

- Меніңше, ең алдымен Франция мен Қазақстанды атом энергетикасының сан саласындағы, оның ішінде уран сату саласындағы ұзақ уақыттан бері қалыптасқан серіктестік пен ынтымақтастық қатынас байланыстыратынын атап өту өте маңызды. Біз не ұсынып, не әкеле аламыз? Ол - үлкен реакторларды жобалау, салу және пайдалануға беруге негізделген көпжылдық тәжірибе.

Осы тұрғыдан алғанда ұзақмерзімді серіктестікті үзбеу қажеттігі сөзсіз. Дәл осы негізде біз өзге елдермен ынтымақтастықты жолға қойып отырмыз. Өткен жылы Қытаймен, Оңтүстік Африкамен тығыз ынтымақтастығымыз болды. Қазіргі уақытта Үндістанмен ынтымақтастықты дамытып жатырмыз. Біздің технологияларымызға барынша қызығушылық танытып отырған еуорпалық елдер де баршылық.

Бұл француз технологиясына негізделген ынтымақтастық үшін көп үміт күттіретін болашақты қамтамасыз етеді. Егер Қазақстан EPR-1200 технологиясы мен француздық атом саласымен ынтымақтастыққа таңдау жасайтын болса, онда сіздің еліңіз EPR технологиясын пайдаланатын елдердің үлкен тобына қосылады.

- Азаматтарға атом электр стансасының неліктен қажет екендігін түсіндріп бермес пе екенсіз? Жалпы оның қандай пайдасы бар және Франция тәжірибесімен атом электр стансасын салу қандай мәселелерді шешеді?

- Қазақстан ресурстары өте мол, әсіресе энергетикалық ресурстарға бай ел. Осыған орай сіз еліңіздің газ және өзге де пайдалы қазбаларға бай болуына байланысты атом энергиясының қажеттілігі қанша деген сауал салуыңыз мүмкін. Мәселен, қазіргі Қазақстанда температура минустан төмен. Францияда қазір қар жоқ, біраз уақыт өтті. Бұл климат өзгеруінің қарапайым ғана әсері. Климаттың қатты құрғақшылық сияқты одан да өрескел салдарын да байқауымыз ықтимал. Тіпті, Францияның көптеген жерінде жылдың басым бөлігінде ауыл шаруашылығын жүргізу үшін су тапшы болып жатады. Мұндай салдардың бәрінің жауапкершілігі бізге жүктеледі және климаттың өзгеру мәселесі үлкен сын-тегеурін жүктейтіні сөзсіз.

Осы тұрғыдан алғанда көміртексіз энергетиканы ілгерілету, мұның үстіне жаңаратын энергия көздерін толықтыра түсу өте маңызды аспект саналады.

Қазақстан уран қорына бай әрі ірі экспорттаушылардың бірі саналады. Қазақстан атом саласын дамыту арқылы климаттың өзгеруімен күреске өз үлесін қосып отырған елдердің қатарына қосылады. Бұл болашақ үшін өте маңызды деп санаймыз.

Атом энергетикасы экономикалық тұрғыдан да, өнеркәсіптік тұрғыдан да көптеген қосымша басымдық береді. Мұның бәрі дамуды білдіреді. Өйткені, атом электр стансасын салу біліктілігі мен білімі өте жоғары мамандарды талап етеді. Атом электр стансасын салған кезде экономиканың барлық саласын нығайтуыңыз қажет болады.

Атом энергетикасы таза энергиямен қамтамасыз ету арқылы ел экономикасын айтарлықтай жақсартып қана қоймай, біліктілігі жоғары, білімді жас таланттар санын да арттырып, оларды жоғары талап қойылатын ғылыми және инженерлік салаларға да тартады.

Қазіргі уақытта көп энергияны қажетсінетін әрі өсім қарқыны жоғары елдер үшін үлкен реакторларды қарастырып отырмыз. Сонымен қатар EDF көлемі шағын – кішігірім модульді реакторлар да әзірлейді.

Біз Қазақстан мен Франция бұл бағытта ұзақмерзімді ынтымақтастықты жолға қояды деп үміттенеміз. Елдеріңіздің бастамасын қолдай отырып, Қазақстан Үкіметіне өз тәжірибемізді көрсету әрі қуаттау үшін келдік.

- Вакис Рамани мырза, сұхбатыңызға көп рақмет!



Соңғы жаңалықтар