Атлеттер мен бапкерлердің денсаулығын сақтау басты мақсатымыз – ҰОК бас хатшысы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 27 қаңтар күні қазақстандық делегация Бейжіңдегі қысқы Олимпиада ойындарына қатаң карантин талаптарына сай ұшып кетті. Бұл туралы журналистерге берген сұхбатында Ұлттық Олимпиада комитетінің бас хатшысы Андрей Крюков айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазір біз үшін ең басты мәселе – команданы жарыс өтетін жерге тез әрі қауіпсіз жеткізу, қажетті заттармен қамтамасыз етіп, атлеттер мен бапкерлердің денсаулығын сақтау. Бұл өте қиын жұмыс, біз логистиканы ұзақ уақыт бойы жоспарладық. Мейілінше қауіп аз болу үшін бар күшімізді салдық. ҰОК пен біздің әріптестерімізде үлкен жауапкершілік жатыр. Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауының арқасында барлық процесс бекітілген регламент бойынша өтті», - деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін Қазақстан құрамасы Бейжіңге жеткені туралы ақпарат берген болатынбыз.

Олимпиада ойындары 4 ақпан күні басталып, 16 ақпанда мәресіне жетеді.

Алдын ала мәлімет бойынша, бұл ойындарға әлемнің 95 елінен 4 мыңнан астам спортшы қатысады. Онда 109 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Оған Қазақстан құрамасынан барлығы 34 спортшы қатысады, олар 87 жолдама жеңіп алды. Қазақстандықтар шаңғы жарысы, фристайл акробатика және могул, конькимен жүгіру, шорт-трек, биатлон, тау шаңғысы, тұғырдан секіру, шаңғы қоссайысы сияқты 8 спорт түрінен сынға түседі.

Ойындарды «Qazaqstan», «Qazsport», «Хабар» және «El arna» телеарналарынан тікелей эфирден көруге болады.

Төртжылдық доданың ашылу салтанаты Нұр-Сұлтан уақытымен 4 ақпан күні, сағат 17:55-те басталады.


Соңғы жаңалықтар