Атқарушы органдардың жұмыс кестесі мемлекеттік қызмет стандартына сай ма

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаментінің басшысы Салауат Мүксімов журналистермен кездесіп, өңірдегі мемлекеттік қызметті көрсету сапасы жайында баяндады.

Жиынға «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Қостанай облысы бойынша филиалының директоры Қанат Төлепұлы да қатысты. Алдымен, агенттік басшысы Салауат Сыйлыбайұлы баяндама оқыды.

Оның сөзіне сүйенсек, Қостанай облысы қызмет көрсету сапасы бойынша республикада үздік үштікке енген.

«Агенттіктің басты міндеті - тұтынушының пікірін ескере отырып, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру. Осыған байланысты көрсетілетін қызметтің сапасын бағалау үшін «SANGE» қоғамдық мониторинг зерттеу орталығымен бірігіп, әлеуметтік зерттеу жүргіздік. Зерттеуге 60 мемлекеттік қызмет іріктелді. 10 мың адамнан сауалнама алынды. «Жасырын сатып алушы» әдісімен 25 зерттеу жүргізілді және қызмет алушылардың қатысуымен 60 топтық пікірталас өтті», - дейді ол.

Зерттеу нәтижелеріне сүйенсек, республика бойынша мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қанағаттанушылық 72,4%-ды құрады. Бұл 2017 жылға қарағанда 6,7%-ға артық.

Қоғамдық мониторинг нәтижелері бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдардың рейтингі шығарылды. Орталық мемлекеттік органдардың арасында Ұлттық банк пен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі көш бастап тұр. Ал жергілікті атқарушы органдар арасында Шығыс Қазақстан мен Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары үздік шыққан.

Салауат Мүксімов айтқандай, қазіргі уақытта респонденттер мекемелердің жұмыс кестесіне наразы емес. Өйткені, департаменттің ұсынысы негізінде жергілікті атқарушы органдардың жұмыс кестесі мемлекеттік қызмет стандарттарының талаптарына сәйкес келтірілген.

«Зерттеу жұмыстары көрсеткендей, жұмыс кестесіне байланысты мәселе жоқ. Алайда, тұрғындардың 10,2% мемлекеттік қызметкерлердің тілді меңгеру деңгейіне риза емес. Департамент олардың талаптарын оңтайландыру тұрғысынан тұрақты түрде талдау жүргізіп келеді. Бұл олқылықтың орнын толтыруға бар күшімізді саламыз», - дейді Салауат Мүксімов.

Соңғы жаңалықтар