Атқа жиі мінген жігіттің ауруы да сирек - қызылордалық қария әлі де көкпар тартады

None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат – Қызылорда облысы Шиелі ауданына қарасты Сұлутөбе ауылында тұратын Қалдан Шәмшиев сексен жастан асса да сергектікті серік етеді. Әлі күнге дейін балық аулаудан шет қалған емес. Есік алдындағы төрт түліктің бабын жасап, бау-бақша еккеннен жалыққан жоқ. Оған қоса, әлі де көкпар тартып, жастарға үлгі көрсетіп жүр. ҚазАқпарат тілшісі қариямен сұхбаттасып, сергек жүру сырына қанықты.

- Cексен жасқа дейін сергек жүруіңіздің сыры неде?

- Жалқаулықты жек көргендікі шығар, жасым сексеннен асса да қол қусырып отырмаймын. Көктем басталғалы есік алдындағы жеміс талдарын баптап, қорадағы бір-жар қараның күтіміне қараймын. Еңбектенуден қашпау керек, сонда ғана өзіңнің де, отбасыңның да берекесі кіреді. Таза бейнетпен тапқан несібең тәтті, отбасыңа сіңімді. Мен балаларыма алдымен осыны үйреттім. Көлденең жатқан сабақты инені олжа көрмеуін қатты қадағалаймын.

Құдай қосқан қосағым Ізімкүл он құрсақ көтерген еді. Қазір 6 ұл мен бір қызым бар. Олардан тараған 21 немере мен жиеннің, 18 шөберенің қызығын көріп отырмыз.

Жас кезімде өте қарулы болған едім. Талай белдесуде көп жігіттің жауырынын жер иіскеттім. Кейбір бәстесуде қойдың қос ортаңғы жілігін қатар қойып сындырған сәтім болды. Қазір бос уақытымда жеңіл көлік жүргіземін. Мотоциклді тізгіндеп, ауыл маңындағы көлге ау құрамын. Ол жас күнімнен әдет еткен дағды.


- Көзкөрген замандастарыңыз сізді аңшылықпен айналысып, талай түз тағысын жайратқан мықты болған деседі...

- Ол рас. Әкем Шәмші қарулы жан еді. Бір күні өрістен өлген атын өзі арқалап келіпті. Бірде әуітке түскен атан түйені бір өзі тартып шығарды. Замандастарынан «жарықтық, трактор сияқты» дегенін талай естідім. Сол әкемнің қаны болар, жасымда қарулы едім, анау-мынау әділетсіздікке шыдамайтын адуындығым тағы бар. Талай басбұзардың бетін қайтардық.

Төрт-бес жыл қой баққан соң совхоздың тракторына қайта отырдым. Сол кезде ұмытпасам, 1970 жылы шопандар слетінде күреске түсіп, бас палуан атандық. Айта кетейін, менің шешем Бибіжан – атақты Кейкі батырдың ұрпағы. Жасында айтысқа қатысыпты, әдемі дауысы да бар еді. Одан бөлек, тамақ басады, балаға түкіреді, сынықшылық қасиеті болған. Бұл қасиет менде де бар. Кейде өз немерелеріме, ауылдың кішкентайларына дем салып, ұшықтап беремін. Алла қарасып, аттай шауып, жүгіріп кетеді.

Кезінде малға түз тағысы жаудай тиетін еді. Қақпанмен ұстап, мылтықпен көздеп, дөп тигізіп жүрдім. Телікөл маңындағы «Айғыржал» деген жерде жылқышылардың жайлауы бар еді. Сонда қақпанға түскен қасқыр оны біраз жерге дейін сүйретіп кеткен. Ізіне түсіп, тауып алдым. «Мен мынаны тірідей елге апарайын» деп ойладым. Келтек ағашпен қасқырды қасқита соғып есінен тандырдым. Аузын буып ауылға әкелдім.

Тағы бір оқиға есімде. Жастау кезінде өзіме тиесілі «К-700» тракторымен келе жатқан едім. Алдымнан үлкен қабан атып шықты. Анауың айбат шеге ұмтылады. Мен көлікті кілт тоқтатып, жерге түспеген күйі қолымдағы монтировкамен әлгі дәу немені желке тұстан ұрдым. Қолым тоқ ұрғандай тыз-тыз етті.

Кісі белінен асатын қабан қыңқ демеді. Кісіге қайта шабатын әдеті емес пе, әлгі жабайың әудем жерге ұзап, тағы да ұмтылды. Трактордан секіріп түсіп, қос қолмен сығымдай ұстаған темірмен қабанды күттім. Жақындады-ау деген сәтте темірді тұмсығына сілтеп қалдым. Қарсы шапқан қабанды осылай жер жастандырдым.

- Ауылда жылқы өсірушілер қатары көбейіп келе жатқан секілді. Аттың бабын білетін сыншы екеніңізді ел біледі. Оны қайдан үйреніп едіңіз?

- Иә, ауылда жылқының жақсы тұқымын жинаушылар қатары артты. Жігіттер сырттан тәуір ат әкелсе алдымен маған көрсетіп, сынатып алатыны бар. Қазір елді мекенде 15 жігіт көкпармен айналысады. Оны көріп, қызығушылығы артып жүргендердің дені – мектеп жасындағы оқушылар. Жылқыға әуес балалардың көбейіп келе жатқаны қуантады. Жалпы, Сұлутөбедегі елдің кәсібі – мал шаруашылығы.

Бала жасымнан атқа үйір болып өстім. Аттың жалына жармасып, жайдақ міне беретін едім. Қатарлас достарыммен талай мәрте серке тарттық. Қазақ жылқыны ерекше қастерлейді ғой. Астыңда жүйрік атың болса рухың тасып, күшің артып отырады. Атқа жиі мінген жігіттің ауруы да сирек.


Бүгінде жақсы жылқы тұқымы да көбейген, оған құмар жігіттер де көп. Өмірде көрген-білгенімді, ақыл-кеңесімді айтамын. Көкпарға жігіттің жігіті ғана шаба алады. Жалпы, көкпарға шабатын атты әдепкіде оңашада үйретіп, қазандыққа жақындағанда екпінін азайтып, ал қалың топтан бөлек шыққанда шабысқа бірден бейімделуін қадағалап, соған әбден дағдыландырған жөн.

- Өмір жолыңызда шаруашылықта еңбек етіп, талай мәрте жетістіктерге жеткен екенсіз. Сол жайында қысқаша баяндап берсіңіз...

- Мен қазіргі Айдарлы ауылы маңындағы «Әлназар жабы» деген жерде дүниеге келіп, Сұлутөбеде ер жеттім. 1961 жылы онжылдық мектепті бітіріп, ауылдағы кәсіптік-техникалық училищенің қысқа курсында оқыдым. Механизатор болып, алғаш келген ДТ-54 шынжыр табанды тракторының руліне отырған едім.

Кейіннен облыс орталығындағы ауыл шаруашылығы техникумында сырттай оқып, зоотехник мамандығын алып шықтым. 1965 жылы бір отар қой алып, атакәсіппен айналыстым. Жетпісінші жылдан бастап, 17 жыл егін шаруашылығында «К-700» тракторын жүргіздім. Ал, 1987-1997 жылдары, яғни шаруашылық тарағанша он жыл ат үстінде жүріп, жылқы қайырдым.


- Әңгімеңізге рақмет.

Еске салсақ, бұдан бұрын қызылордалық шебер Райхан Шалбаева «Киіз үйде қасиет бар» деген ойын білдірген еді. «Сегіз қанатты ақбоз үй жыл сайын есік алдына тігіледі. Оны тұтынып келе жатқаныма 15 жылға жуықтады. Киіз үйдің сүйегі Қарақалпақстаннан жеткізілген. Оған қажетті жабулар мен баулардың барлығы өз қолымнан шыққан. Жасым жетпістен асса да, әлі қолөнермен айналысамын. Жалпы, киіз үйдің қызығын жазда күн ысығанда көресің. Әдетте, Қызылорда өңірінде күн ыстық болады. Іргесіне су шашып салқындатып алсаң, күні бойы ыстықты жібермейді. Ал, таза ауа адам денсаулығына оң әсерін тигізеді. Міне, осы киіз үйді сатып алғаныма бірнеше жылдың жүзі болды. Сүйегі мықты, әлі сыр бермей келеді. Өзім Өзбекстанның Тамды деген жерінде дүниеге келгенмін. Бала кезден киіз үйде өстік. Анам күн жылынғаннан киіз үй тігуге асығатын. Ол жақта халық түгел қазақы дәстүрді ұстанады. Жастайымыздан бойымызға дарыған қасиет өмірлік дағдымызға айналды», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар