Атбасардағы бөгет 63 млн теңгеге салынған - депутат

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты Павел Казанцев су тасқыны болған Атбасардағы жаңа бөгеттің 63 миллион теңгеге салынғанын мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Атбасар қаласында суды ұстап тұруы тиіс бөгет құрылысына 200 миллион теңге бөлінді, алайда соңғы уақытта болған су тасқыны оқиғалары оның 63 миллион теңгеге салынғанын көрсетті. Бөгет табиғи апаттың алғашқы соққысына да төтеп бере алмады. Қала тұрғындары едәуір материалдық шығынға ұшырады. Оның үстіне, тағы да жаңа бөгет тұрғызу керек. «Сараң екі рет төлейді» деген халық даналығы осындайда айтылған», - деп мәлімдеді ол «Атамекен» ҰКП Кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің отырысында.

Мұндай мәліметтерді депутат мемлекеттік сатып алулар жүйесіндегі сыбайлас жемқорлық туралы баяндамасында келтірді. Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің деректеріне сүйенсек, мемлекеттік сатып алулар экономиканың жемқорлыққа толы салаларының бірі болып келеді. Іс жүзінде әрбір бесінші сыбайлас жемқорлық қылмысы мемлекеттік сатып алумен байланысты.

 «Құрамына кеңес мүшелерінен бөлек, Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері енген жұмыс тобы бизнес өкілдерімен де, сатып алулар жүргізетін мемлекеттік орган өкілдерімен де кездесті. Біз мемлекеттік сатып алулар туралы заңнамаға талдау жасадық және түрлі салалар мен түрлі өңірлерде қалыптасқан мемлекеттік сатып алулар жүргізу тәжірибесін зерттедік», - деп атап өтті ол.

Бұған дейін ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов хабарланғандай, Атбасардың тасқын суға қарсы салынған жаңа бөгетіне 200 млн теңге жұмсалған . Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалиннің айтуынша, бөгетті көкшетаулық компания әзірлеп, құрылыс жұмыстарын елордалық мердігер ұйым жүзеге асырған.

Кейінірек, Атбасар ауданының әкімі Андрей Никишов цифрды нақтылады. Оның айтуынша, 2015 жылы су тасқынына қарсы шаралар аясында 9 шақырымдық бөгет нығайтылды. Жұмыстарды жүргізуге 95 миллион теңге бөлінген. Іс жүзінде бұл жұмыстар 80 миллион теңгеге жүргізілген.

 «Үйінді тұрғызуда кейбір атбасарлықтардың бақшасын құрбан етуге тура келді, кей жерлерде шаруашылық құрылыстарға нұқсан келді. Су тасқынынан кейін үй иелеріне барлық құрылыстарды қалпына келтіруге көмек бердік. Өзге орындардан жер үлестері бөлінді, қайтадан құнарлы топырақ әкелінді. Бұл жұмыстарға 63 миллион теңге бөлінді. Міне, осылайша кейбір БАҚ хабарлаған 200 миллионнан астам теңге емес, 158 миллион теңге шығады», - деді А.Никишов.

Соңғы деректерге сәйкес, Атбасар ауданында шығынды бағалау бойынша тәуелсіз сараптау комиссиясы тұрғындардан 581 өтініш қабылдады, оның 460-ы Атбасар қаласынан келіп түскен. Тәуелсіз сараптау комиссиясы 429 үйді тексеріп, Атбасар қаласындағы 331 үйдің, Покровка ауылындағы 32 үйдің, Садовый ауылындағы 3 үйдің апаттық жағдайда тұрғанын мәлімдеді. 133 үйге (Атбасардағы 109, ауылдардағы 24) жөндеу жұмыстарын қажет деп тапты . 

Соңғы жаңалықтар