Атбасар қаласындағы су тасқынынан зардап шеккендерге СҚО-дан гуманитарлық көмек келді

None
None
АҚМОЛА ОБЛЫСЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Атбасар қаласындағы көктемгі су тасқынынан зардап шеккендерге Солтүстік Қазақстан облысынан гуманитарлық көмек керуені келіп жетті.

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Самат Ескендіровтің бастамасымен ұйымдастырылған гуманитарлық керуенді СҚО жер қатынастары басқармасының басшысы Есенгелді Кәрібаев және ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Әбілхан Бижанов бастап келді. Көрші солтүстікқазақстандықтар алты КамАЗ тіркемесімен яғни, 25 текше метр тақтай, 50 мың дана жұмыртқа, 1 тонна арпа, 5 тонна бірінші кезекте қажет азық-түлік, құрылыс материалдары, оның ішінде 9 тонна цемент, балалар кереуеті және ерлер мен әйелдер киімін әкеліпті.

Солтүстікқазақстандықтар - көршілерінің басына түскен төтенше табиғат апаты салдарынан келген зардаптарда ести салысымен алғашқылардың бірі болып гуманитарлық көмек жеткізіп отырған облыс.

«Ақмолалықтардың басынан кешкен табиғат апаты бізді де селт еткізбей коймады. Көршіміздің қайғысы - біздің де қайғымыз. Сондықтан, облысының әкімі Самат Ескендіровтің мұрындық болуымен ойланбастан бірден материалдық көмек ұйымдастырып, бүгін, міне, атбасарлықтарға жеткізіп отырмыз», - дейді керуен басшысы Есенгелді Кәрібаев.

Қиын кезде қол ұшын созып отырған солтүстікқазақстандықтарға алғысын білдірген Атбасар ауданының әкімі Жомарт Нұркенов гуманитарлық көмектің мұқтаж жандардың барлығына бірдей жететінін қадағалаймыз деп отыр.

«Көктемгі су тасқыны кезінде Атбасар қаласында 475 үйді су алып қалса, оның 130-і қазір апатты жағдайда тұр. Ал зардап шеккен халықтың саны 1700 адамды құрап отыр. Сондықтан, қазір олардың барлығына медициналық, психологиялық және гуманитарлық көмек көтерілуде. Жақында Павлодар және Қостанай облыстарынан да осындай гуманитарлық көмек жеткізілмек. Алғашқы болып көмек қолын созған солтүстікқазақстандықтарға алғысымыз шексіз», - дейді Ж.Нұркенов

Соңғы жаңалықтар