Атбасар қаласында су тасқынынан зардап шеккендерге арналған төрт 45 пәтерлі үй тұрғызылады

None
None
АҚМОЛА ОБЛЫСЫ. ҚазАқпарат - Атбасар қаласында көктемгі су тасқынынан зардап шеккендерге арналған төрт 45 пәтерлі үй тұрғызылады. Бұл туралы Атбасар қаласына кезекті жұмыс сапарымен барған облыс басшысы Қосман Айтмұхаметовтың тұрғындармен кездесуінде айтылды, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметінен.

Кездесуде облыс басшысы тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, барлық зардап шеккендерге жан-жақты көмек көрсетілетінін жеткізді. Атап өтсек, бүгінгі күні 379 тұрғынға материалдық, 107 зардап шеккен азаматқа 4954,1 мың теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілген. Атбасарға келген гуманитарлық көмектен 529 тұрғынға азық-түлік үлестірілген. Сондай-ақ, жан саны 141 адам болатын 41 отбасы жалға алынған пәтерлерге қоныстандырылған. Аймақ басшысы тұрғындармен кездесу барысында, аудан әкіміне пәтерлерге қоныстандыру жұмысын жандандыруды тапсырды. Бүгінгі күні пәтерлерге қоныстандыру жұмысы ауданда жүргізіліп жатыр.

Аудан әкімі Жомарт Нұркеновтың айтуынша, бүгінгі таңда жолдар мен ғимараттарды қалпына келтіру және құрылыс жүргізуге қажетті барлық техникалық құжат әзірленіп қойылған. Тек, көктемгі су тасқыны кезінде су шайып кеткен баспаналарға сараптама жұмысы жалғасуда.

Атбасар қаласы бойынша 18,3 шақырым жолға ағымдық, 3,1 шақырым жолға күрделі жөндеу жүргізіледі. Сондай-ақ қираған үйлерді бұзып, орнын тазалап, жинауға қажетті техникаға тапсырыс берілген. Қалпына келтіру барысында 3 су өткелінің жөндеу жұмысы да жоспарланған. Әзірге топан судан зардап шеккен тұрғындарға арналған екі 45 пәтерлік үйдің алғашқы қазығы қағылды.

Жалпы, мұнда алдағы уақытта бұрынғы медициналық колледждің жатақханасы қалпына келтіріліп, 29 пәтер тұрғындарға беру көзделген.

Соңғы жаңалықтар