Атбасар ауданында 22 жаңа археологиялық ескерткіш табылды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысының Атбасар ауданында 22 жаңа археологиялық ескерткіш табылды.

Ескерткіштердің біразы мал жайлымы және судың астында қалған. Келер жылы бұларды қорғау жұмыстарын жүргізу жоспарланған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облыстық мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасының жанындағы Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының маманы Рауан Ержановтың айтуынша, биылғы жылғы тамыз айының 03-17 аралығында, жаңа археологиялық объектілерді анықтау мақсатында Атбасар ауданының солтүстік, солтүстік-шығыс және оңтүстік бөліктеріне барлау жұмыстары жүргізілді.

Археологиялық барлау жұмыстарының нәтижесінде берілген аймақтың қола, темір және жаңа заман дәуіріндегі қоныстану дәрежесін сипаттайтын 22 жаңа тарихи-мәдени мұра объектілері анықталды.

Атбасар ауданының қолайлы табиғи ландшафты бұл аймаққа ежелгі адамдардың тас ғасырынан - ақ қоныстануына себеп болған. Ауданның аумағын Көкшетау биіктігінің оңтүстік бөлігі, Атбасар жазығы, Теңіз жазығының солтүстік бөлігі алып жатыр. Бұл жерде 12 тұщы су көлдері бар, сондай-ақ Есіл, Жабай, Жыланды, Терісаққан, Қайрақты және Шортанбай өзендері ағып өтеді.

«Археология объектілерінің көбі ауданның оңтүстік-батыс бөлігінде, Шойынқарасу және Шортанбай өзендерінің жағалауынан алыс емес биіктіктерден анықталды. Оңтүстік-шығыс территориясының көп бөлігі тың игеру кезінде жыртылып, егін егілген, соның нәтижесінде археологиялық ескерткіштердің кейбіреуі жойылған. Бұған егіс алқабының бойында, шетке шығарылып тасталған орташа көлемдегі тастар айғақ. Бұл тастар маңдағы қорған конструкциясында пайдаланған тастарға ұқсас келеді», - дейді Рауан Ержанов.

Орталық маманы атап өткендей, археологиялық зерттеу жүргізудегі басты мақсат, анықталған ескерткіштердің толық құжатын дайындау. Ғылыми ізденістер археология әдісіне сәйкес жүргізілді. Яғни, іздеу, топографиялық зерттеу, аспапқа түсіру, жергіліктің геодезиялық координаттарды анықтау, картография, фотоға түсіру, графикалық жоспарын және схемасын дайындау, ескерткіштердің толық сипаттамасын жасап алдын-ала есепке енгізу бойынша.

«Барлау жұмыстарының қорытындысы, жаңа ашылған ескерткіштер жайында толық мәлімет дайындалды, жаңа археология объектілерінің төлқұжаттарын жасауға жолданады», - толықтырды ведомстводан.


Соңғы жаңалықтар